Қазақстанға керек Еуропа тәжірибесі: Неге жүргізушілер жазадан қорықпайды?  - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанға керек Еуропа тәжірибесі: Неге жүргізушілер жазадан қорықпайды? 

Қазақстанға керек Еуропа тәжірибесі: Неге жүргізушілер жазадан қорықпайды? 

Балдық жүйе жүргізу мәдениетін қалыптастыра алады ма?

  • 23 Желтоқсан
  • 244
Фото: drive.ru

Еліміз жол жүру ережелерін бұзғаны үшін балдық жүйені енгізу мәселесін қарастыра бастады. Оған себеп бар. Жол-көлік оқиғаларының статистикасы сұмдық. Жолдағы өлім-жітім азаймай тұр. Жыл басынан бері елде 29 мыңнан астам жол апаты болған. Салдарынан 2 мыңдай адам қаза тапты. Қара жолдағы қанды оқиғаларға қарапайым ережелерді бұзу себеп болып отыр. Caravan.kz медиа порталы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің мән-жайын анықтап білді. 

Жолда ессіз жүйткитін жүргізушілерді жүгендеу үшін балдық жүйе енгізу ұсынылып отыр. Заңнан қаймықпайтындар айыппұлмен ғана құтылмауы керек. Көтеріліп жатқан идеяның мәні түсінікті. Ақшалай айыппұлдардан бөлек, жүргізушілерге айыппұл балдары есептеледі. Белгілі бір шекке жеткен жағдайда жүргізуші куәлігінен айырылуы немесе қайта емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Осылайша жол-көлік оқиғалары мен адам өлімін азайту көзделіп отыр. Себебі соңғы бірнеше айда елімізде бірнеше ірі апат тіркелген. Мысалы Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам көз жұмды. Жол апаты Самара – Шымкент автожолында болған.

Одан бөлек Алматы-Бішкек трассасында болған жол апатынан 7 адам қаза тапты. Жеңіл және жүк көлігінің соқтығысуынан бірінші теміртұлпардағы жолаушылардың бәрі оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

«Егер қауіпсіздік белдігі тағылып, жүргізуші қырағылық танытса, солардың жартысы аман қалар еді», — дейді полиция өкілдері.

Бұдан бұрын біз халықтың талабын жеткіздік. Оқи отырыңыз: Халық автобус бекеттерін қайтаруды талап етуде: Alphard пен Estima қанды апаттардың символына айналды

Қазіргі таңда не белгілі?

Сарапшылардың айтуынша, айыппұл балдары жүйесі әзірге талқылау сатысында. Қандай құқықбұзушылықтарға балл берілетіні, олардың саны, сондай-ақ балдардың қалай және қашан есептен шығарылатыны әлі нақты бекітілмеген. Дегенмен бұл бастама Бас прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде белсенді қарастырылып жатыр.

Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, жол апатына кінәлі жүргізушілердің 81 пайызы бұған дейін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Яғни қайталанатын құқықбұзушылықтардың деңгейі жоғары. 

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзған. Кейін қарсы қозғалыс жолағына шығып, өзі және жолаушылары қаза тапқан. 

Тағы бір жағдайда жүргізуші екі жылда 72 рет жол ережесін бұзған, оның 30-ы жылдамдықты арттырумен байланысты. Кейін Алматыда адамды жаяу қағып кеткен, жаяу жүргінші қаза тапты. 

Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның айтуынша, айыппұлдар жойылмайды, ал балдық жүйе жолдағы тәртіпті арттыруға арналған қосымша құрал ретінде қарастырылуы мүмкін.

«Балдық жүйе әкімшілендіру тұрғысынан күрделі механизм. Ол заманауи цифрлық инфрақұрылымды, ашықтықты және нақты бақылауды талап етеді. Әйтпесе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері артуы мүмкін», — дейді ол. 

Мискарянның пікірінше, қазірдің өзінде іске асыруға болатын қарапайым әрі тиімді шаралар бар:

-қайталанған жағдайда автоматты түрде жүргізуші куәлігінен айыру көзделетін құқықбұзушылықтар тізбесін кеңейту;

-әсіресе тас жолдарда жол ережелерін автоматты түрде тіркейтін стационарлық кешендердің санын арттыру;

-жүргізушілер мен жол полициясы арасындағы тікелей байланысты азайтып, инспекторлардың міндетін көмек көрсету мен қоғамдық тәртіпті бақылауға бағыттау, ал құқықбұзушылықты тіркеуді толықтай автоматты жүйеге көшіру.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дәл осы автоматты тіркеу жүйелері белгілі бір учаскелерде жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтқан. 

Жылдамдық — басты қауіп пе?

Жылдамдықты асыру Қазақстандағы ең кең таралған әрі ең қауіпті құқықбұзушылық болып саналады. Дәл осы фактор адам өліміне әкелетін жол апаттарының негізгі себебі болып отыр. Сондықтан Бас прокуратура мысалдарында ең алдымен жылдамдыққа назар аудару көзделген. 

Сарапшылар сондай-ақ сараланған тәсілді ұсынып отыр. Мысалы, спидометр қателігі немесе техникалық себептерге байланысты болуы мүмкін 10 км/сағ шамасындағы асыру үшін жазаны қатаңдатпау, ал 20 км/сағ және одан жоғары, әсіресе жүйелі түрде жасалатын асырулар үшін жауапкершілікті едәуір күшейту.

Қауіпсіздік белдіктері мен «жасырын» құқықбұзушылықтар

«Жалпы жол» Қозғалыс қауіпсіздігі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Арсен Шакуовтың пікірінше, мәселені тек жылдамдықпен шектеу жеткіліксіз. 

Тас жолдардағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі — қауіпсіздік белдіктерін тақпау, әсіресе артқы орындықта отырғанда қолданбайды. 

«Аталмыш құқықбұзушылықтар көбіне жасырын сипатта болады. Тонировка жасаған әйнектерден артқы жолаушылардың белдік тақпағанын анықтау қиын. Алайда дәл осы жолаушылар апат кезінде алдыңғы орындықта отырғандарға да өлім қаупін төндіреді», — дейді ол. 

Шакуов сондай-ақ бүгінгі күні шексіз қайталана беретін құқықбұзушылықтарды мысалға келтірді. 

«Мәселен, заңсыз тонировка. Жүргізуші ондаған рет айыппұл төлеп, ережені бұза береді. Мұндай жағдайларда балдық жүйе тиімдірек жұмыс істей алар еді, тіпті міндетті түрде қайта емтихан тапсыру немесе басқа да қатаң шараларға дейін», — дейді сарапшы. 

Еуропалық тәжірибе және мәдениет мәселесі

Еуропа елдерінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды бақылау үшін айыппұлдық балл жүйесі кеңінен қолданылады. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті қағидаға негізделген: әрбір құқық бұзушылық үшін нақты мөлшерде балл есептеледі немесе алынады. Жүргізуші белгіленген шекті мөлшерден асып кеткен жағдайда, ол көлік құралын басқару құқығынан автоматты түрде айырылады.

Мұндай тәсіл жүйенің ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етеді. Шешімдер адам факторының қатысуынсыз, автоматты түрде қабылданады, ал жүргізушілер өз әрекеттерінің салдарын алдын ала түсінеді. Алайда айыппұлдық баллдарды есептеу тәртібі Еуропалық одақ елдерінде біркелкі емес, әр мемлекет өз моделін қолданады.

Франция

Франциядағы айыппұлдық балл жүйесі 1992 жылдан бері жұмыс істейді және Еуропадағы ең тиімді жүйелердің бірі саналады. Әрбір жүргізушіге бастапқыда 12 балл беріледі, ал жол қозғалысы ережелері бұзылған сайын бұл балдар біртіндеп шегеріледі. Егер балл саны нөлге жетсе, жүргізуші куәлігі жойылып, оны қайта алу үшін емтиханды қайта тапсыру қажет болады.

Құқық бұзушылықтарға байланысты балл шегеру мөлшері мынадай:

— көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану — 2 балл шегеріледі;

— қауіпсіздік белдігін тақпай жүру — 3 балл шегеріледі;

— жылдамдықты асыру — асыру деңгейіне қарай 3-тен 11 балға дейін шегеріледі.

Жүргізу өтілі бір жылдан аспайтын жаңа жүргізушілер үшін бастапқы лимит төменірек — 6 балл. Барлық балдардан айырылу жүргізуші куәлігінен автоматты түрде айыруды білдіреді. Бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Енгізілген алғашқы жылдары Франция жолдарындағы жол-көлік оқиғалары шамамен 20 пайызға азайған.

Германия

Германияда айыппұлдық балдар керісінше, жинақталады. Барлық құқық бұзушылықтар Фленсбург қаласында орналасқан Федералдық тіркеу жүйесінде есепке алынады. Жинауға болатын ең жоғары шек — 8 балл. Осы мөлшерге жеткен жағдайда жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылады.

Балдардың жіктелуі келесідей:

— 1 балл — елеулі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін (мысалы, жылдамдықты 21 км/сағ-тан асыру немесе көлік жүргізу кезінде телефон қолдану);

— 2 балл — аса қауіпті әрекеттер үшін (қызыл жарыққа өту, көлік арасындағы қашықтықты сақтамау, жылдамдықты 31 км/сағ-тан асыру);

— 3 балл — қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізу немесе жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кету.

Неміс моделі айыппұлдық балдарды ақшалай айыппұлдармен ұштастырады, бұл оның тиімділігін арттырады. Сонымен қатар көп балл жинаған жүргізушілер үшін автосақтандыру тарифтері де қымбаттайды.

Италия

Италия 2003 жылы айыппұлдық балл жүйесін енгізді. Бұл ел моделінің бірқатар ерекшеліктері бар. Мұнда жүргізушілер балдарды тек жоғалтып қана қоймай, оларды жинай да алады.

Бастапқы баланс — 20 балл. Жол қозғалысы ережелері бұзылған жағдайда балдар шегеріледі. Егер жүргізуші екі жыл бойы бірде-бір айыппұл алмаса, мемлекет оны қосымша 10 балл бонусымен марапаттайды.

Бұзушылықтардың ауырлығына қарай балл шегеру мөлшері мынадай:

— фараларды дұрыс пайдаланбағаны үшін — 1 балл шегеріледі;

— қызыл жарыққа өткені үшін — 5 балл шегеріледі;

— мас күйінде көлік басқарғаны үшін — 10 балл шегеріледі;

— қауіпті маневр жасағаны немесе магистраль жолда жылдамдықты едәуір асыру — 15 балға дейін шегеріледі.

Барлық балдардан айырылу жүргізушіні жаңа емтихан тапсыруға және белгілі бір мерзімге көлік басқару құқығынан айырылуға әкеледі. Бұл жүйе жазалаумен қатар, жүргізушілерді қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлыққа ынталандырады.

Польша

Польша — жүргізушілерге арналған балл жүйесі жиі талданатын елдердің бірі. Мұнда икемді модель қолданылады: тәжірибелі жүргізушілер үшін балл лимиті — 24, ал жаңадан бастағандар үшін — 20 балл. Белгіленген шектен асқан жағдайда жүргізуші куәлігі жойылып, оны қайта алу үшін толық рәсімнен өту талап етіледі.

Польша жүйесінің басты ерекшелігі — егер жүргізуші белгіленген шектен аспаса, құқық бұзушылық жасалғаннан кейін 12 ай өткен соң балдардың автоматты түрде жойылуы. Бұл жүргізушілерге уақыт өте келе ережелерді сақтай отырып, өз «тарихын тазартуға» мүмкіндік береді.

Кең таралған құқық бұзушылықтар үшін есептелетін балдар:

— жылдамдықты 50 км/сағ-тан асыру немесе зардап шеккендері бар жол-көлік оқиғасы — 15 балл;

— жылдамдықты белгіленген нормадан 31–40 км/сағ асыру — 10 балл;

— жылдамдықты 21–25 км/сағ асыру — 4 балл.

Польшада жинақталған балдар тарихы автосақтандыру полисінің құнына тікелей әсер етеді: жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер сақтандыру үшін әлдеқайда жоғары ақы төлейді.

Сарапшылардың пікірінше, көптеген қазақстандықтар Еуропада көлік тізгіндегенде, өз еліндегіден әлдеқайда ұқыпты жүреді. Бұл жүргізушілердің жеке қасиеттері емес, жазалау жүйесінің тікелей нәтижесі.

Осы жерде орынды сұрақ туындайды. Балдық жүйе тек жазалаушы механизмге айналып кетпей ме? Сарапшылар ынталандыру тетіктерін енгізсе, бұны болдырмауға болады деп санайды.

Мысал ретінде сақтандыру компанияларының тәжірибесін алуға болады. Онда телематика жүргізу стилін бақылауға мүмкіндік береді. Телематика арқылы жүргізу мәнері бақыланып, жүргізуші күрт тежеу, қауіпті манёвр жасамаса, келесі сақтандыру полисі арзанырақ болады. Мемлекеттік жүйеде де осындай логиканы қолдануға болады, яғни белгілі бір уақыт ішінде бұзушылықтардың болмауы – балдарды есептен шығаруға немесе бонустар алуға себеп.

Бұдан кейін не болады?

Әзірге балдық жүйе идея күйінде қалып отыр. Оны енгізу мерзімі, техникалық тетіктері мен нақты ережелері әлі белгіленбеген. Ал қолданыстағы айыппұл жүйесі өлім-жітімді азайту міндетін орындай алмай келеді. 

Перейти к новостям спорта