Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Брифингте оған «Қостанай облысының Жангелдин ауданынан мұнай табылды деген ақпарат тарады. Оны өндіруге әлі ерте ме?» деген сұрақ қойылды.
Қанат Ерубаевтың айтуынша, мұнай барлау үшін алдымен «болашағы бар тұзақтарды» анықтау қажет.
«Бұл — күрделі жұмыс, бірақ оны жасау керек. Біздегі Солтүстік Торғай шөгінді алабы өте үлкен. Оның үстіне сол аумақта солтүстік көрші ел мұнай мен газ өндіреді. Бізде де сондай нысандарды табуға жағдай жеткілікті. Сондықтан осы аумақта (Қостанай облысында – ред.) сейсмикалық барлау жұмыстарын жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Комитет төрағасының міндетін атқарушының сөзінше, жұмысты 2026 жылы бастап, үш жыл ішінде аяқтау көзделіп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда мұнай негізінен елдің батысында өндіріледі: ірі кен орындары да, негізгі инфрақұрылым да сол жақта шоғырланған. Мұнай өндіретін басты өңірлер – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары. Сондай-ақ, Қызылорда облысында да аз көлемде мұнай өндіріледі.