Қазақстанның жаңа дипломатиялық дәуірі басталды. Қазір әлемде тұрақсыздық пен қақтығыстар жиілеп кетті. Осындай геосаяси ахуалда Қазақстан сенім мен диалогтың тілінде сөйлей алатын мемлекет ретінде ерекшеленіп келеді. Еліміз ядролық қарусызданудан бастап мәдениетаралық және дінаралық келісім арқылы бейбітшілік пен тұрақты дамудың философиясын қалыптастырды. Бұл философияның негізінде моральдық бедел, көпвекторлы саясат және келісім мәдениеті жатыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қазақстанның жаһандық миссиясы, халық дипломатиясының жаңа рөлі және еліміздің халықаралық бастамалары туралы саясаттанушы Борис Поломарчукпен сұхбаттасты.

Борис Поломарчук
Саясаттанушы
— Қазақстанның халықаралық аренадағы қазіргі алатын рөлін қалай сипаттайсыз?
— Қазақстан «орта державалар» тізіміне енген ел. Мұндай мемлекеттер әскери не экономикалық тұрғыдан мықты болмауы мүмкін, десе де олардың әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі ерекше. Біздің ел стратегиялық дербестікті сақтауға ұмтылады. Сондай-ақ өзін Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретінде көрсетеді. Біз айқай-шулы саясатты құптамаймыз, керісінше, келісім мен сенімге негізделген делдалмыз. Дәл осы қасиет біздің басты бітімгерлік күшіміз.
— Яғни, бейбітшілік пен келісім бастамалары Қазақстан дипломатиясының өзегіне айналды деп айта аламыз ба?
— Иә, солай деуге толық негіз бар. Біз географиялық тұрғыдан өте мықты орналасқанбыз. Нақтырақ, Ресей, Қытай, мұсылман әлемі мен Еуропаның тоғысқан жерінде. Бұл көпвекторлы саясаттың табиғи қалыптасуына әсер етті. Аталған саясат жай ғана бағыт емес, диалог пен тепе-теңдікке сүйенетін сыртқы саясаттың философиясы. Қазір әлемде «орта державалардың дипломатиясы» ұғымы кеңінен таралып жатыр. Қазақстан осы форматқа дәл үйлеседі. Біз біріктіруге бағытталған нормалар мен идеяларды ұсынамыз.
— Қазіргі Президенттің тұсында Қазақстанның бейбітшілік саясаты қалай жүзеге асып келеді?
— Тоқаев тұсында сыртқы саясат нақты құрылымға және тақырыптық бағыттарға ие болды. Президенттің әр бастамасы енді айқын дипломатиялық пішін мен халықаралық деңгейде ілгерілету тетіктеріне ие. Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген бір ұғым бар: «Екінші трек дипломатиясы» немесе халық дипломатиясы. Бұл бейресми деңгейдегі, адам мен қоғам арқылы жүзеге асатын дипломатия.
Тоқаевтың пікірінше, дәстүрлі мемлекетаралық механизмдер кейде тиімсіз болып қалады. Сол себепті Қазақстан мәдени, діни, ғылыми және гуманитарлық форматтар арқылы халықтар арасындағы сенімді нығайтуға ден қойды. Осыған орай елімізде дінаралық конгрестер, гуманитарлық форумдар, сараптамалық алаңдар, білім беру және мәдени алмасу бағдарламалары өткізіліп жүр. Бұл жаңа дәуірдің бейбітшілік дипломатиясы, яғни ресми келіссөздер тұйыққа тірелген кезде бейресми кездесулер арқылы диалог орнату.
— Демек, халық дипломатиясы қазіргі бейбітшіліктің жаңа бет-бейнесі болғаны ма?
— Иә, дәл солай. Халық дипломатиясының екі үлкен мақсаты бар. Біріншіден, ол елдің сыртқы саяси бастамаларының заңдылығын күшейтеді. Екіншіден, ресми келіссөздерге жол ашады, оларды жандандырады. Қазақстан бүгінде тек халықаралық іс-шаралардың қожайыны ғана емес, сонымен қатар беделді модератор, яғни диалог жүргізудің үйлестірушісі. Бұл сенімге салынған ұзақмерзімді инвестиция. Ал сенім – қазіргі әлемдегі ең құнды саяси капитал.
— Қазақстанның бейбітшілік миссиясы ядролық қарусыздану мен оны таратуды тоқтату саласындағы бастамалармен байланысты. Бұл тақырып өзектілігін жоғалтпады ма?
— Әрине жоғалтпады. Бұл біздің халықаралық моральдық беделіміздің іргетасы. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жапты. Кейін Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақ туралы шарттың бастамашысы болды. Сонымен қатар, Қазақстан 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы» халықаралық күн ретінде ұсынды. Осы шешімдер бізге әлемдік дипломатияда сенім мен жауапкершілік символына айналуға жол ашты. Дәл қазір бұл идеялар жаңа мәнге ие болып, «орта державаның жаһандық жауапкершілігі» тұжырымдамасына ұласты. Қазақстан күшпен емес, мораль және сенім арқылы әсер ететін ел екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.
— Ядролық тақырыптан бөлек, Қазақстанның бейбітшілікке бағытталған басқа қандай бастамаларын атап өтуге болады?
— Мұндай бастамалар көп. Мәселен, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі нағыз рухани дипломатияның тұрақты алаңына айналды. Бұл форум әлемнің түрлі мәдениеттері мен дін өкілдерінің өзара түсінісуіне, сенім орнатуына мүмкіндік беріп отыр.
Қазір бейбітшілік миссиясы тек соғыс тақырыбына байланысты емес. Ол – климат, азық-түлік қауіпсіздігі және энергия мәселелері туралы. Қазақстан жасыл экономика, таза энергия, экологиялық тұрақтылық бағытында халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді. Мысалы, Арал мен Каспий теңіздерін, Сырдария, Іле және Ертіс өзендерінің су бассейндерін сақтау бастамалары еліміздің экологиялық және климаттық дипломатиясының маңызды бөлігі.
— Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бейбітшілік саясатында қандай рөл атқарады?
— Қазақстан халқы Ассамблеясы – біздің ішкі бейбітшілік институтымыз, сонымен қатар жұмсақ күш құралы. Бұл құрылым еліміздің этностық және мәдени алуандылығын сақтап, оны үйлесімді өмір сүру тәжірибесіне айналдырды. Ассамблея арқылы түрлі гуманитарлық, мәдени және білім беру жобалары жүзеге асырылады. Осы модельді бүгінде басқа елдер де зерттеп, өз тәжірибесіне енгізіп жатыр.
Қазіргі бейбітшілік дипломатиясының үш басты қағидаттары бар. Біріншісі — көпжақтылық пен болжамдылық. Қазақстан барлық мемлекеттермен тең диалог пен халықаралық құқықтың үстемдігін жақтайды. Екіншісі — моральдық лидерлік. Күш арқылы емес, сенім арқылы ықпал ету. Үшіншісі — аймақтық тұрақтылық. Жаһандық тұрақтылықтың бір бөлігі ретінде қаралады.
— Қазақстанды Орталық Азиядағы бейбітшілік көшбасшысы деп атауға бола ма?
— Иә, толық айта аламыз. Қазақстан аймақтағы ең белсенді және бастамашыл елдердің бірі. Біз өз идеяларымызды ұсынып қана қоймай, оларды іске асырып келеміз, ірі державалармен текетіреске түспейміз, сонымен қатар олардың бәрімен прагматикалық қарым-қатынасты сақтаймыз. Біздің басты күшіміз – өз ұстанымымызды тықпалау емес, келісім мен өзара түсіністікке жол ашу. Қазақстан өз беделін әскери күшпен емес, сенім, диалог және жауапкершілік арқылы қалыптастырып келеді. Аталған әдіс бейбітшілік пен келісімнің жолын таңдаған, парасатты әрі кемел мемлекеттің стратегиясы. Біз үшін бейбітшілік — ұлттың ішкі болмысына айналған миссия.
Сұхбатыңызға рақмет!