Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасы, оның ішінде жоғалған қалалар, қазіргі таңда тек тарихшылар мен археологтарға ғана емес, жалпы қоғам мен ел билігіне де үлкен қызығушылық туғызып отыр. Елімізде көптеген тарихи орындар мен ескерткіштер сақталып қалса да, олардың біразы уақыт өте келе құрып, жоғалып кеткен. Қазақстанның кең даласында болған ежелгі қалалар мен қоныстар, әсіресе Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, тек ұлттық тарих үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін де аса маңызды. Көрші елдерден үлгі ала отырып, тарихи орындарды қалпына келтіру Қазақстанның әлеуетін арттырады дейді сарапшылар. Caravan.kz медиа порталы тақырыпты зерттеп көрді.
Әр түрлі тарихшылардың зерттеулері бойынша, елде шамамен 40-қа жуық көне қала болған. Олардың қатарында Отырар, Тараз, Сауран, Испиджаб, Талғар, Бозоқ, Сығанақ, Янгикент, Женд, Құйрықтөбе, Құлан, Баба-Ата, Қараспан, Суяб секілді қалалар бар. Бұл қалалардың нақты тізімі жоқ, өйткені атаулары өзгеріп отырған, кейбіреулері мүлде жойылып кеткен, ал зерттеушілер олардың мәртебесін әртүрлі бағалайды.
Көпшілік Қазақстаның бай тарихи мұрасынан бейхабар. Қазақстанның мәдени мұрасы – тек бір елдің ғана емес, бүкіл орталық Азияның тарихы мен мәдениетін айқындайтын үлкен байлық. Ұлы Жібек жолының бойындағы қалалар, мысалы, Түркістан, Отырар, Сауран, Қарнақ және басқа да көне қалалар мен қоныстар, сол дәуірдің сауда-саттық, мәдениет және дін араласқан орталықтары болған.
Жоғалған қалаларды зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстары Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап қалудың маңызды қадамы болып табылады. Бұған қоса, қалалар мен ескерткіштер туристік нысан ретінде де үлкен маңызға ие. Оларды қалпына келтіру мен сақтау арқылы Қазақстанның туризм индустриясын дамытуға да мүмкіндік туындайды.
Тәуелсіз сарапшы Дәулет Жамайбеков қалалардың жойылу себептерін түсіндірді.
Орта ғасырларда Қазақстан жерінде көптеген қалалар болған. Дегенмен бүгінге дейін сақталғандары бірен-саран. Неге?
Біріншіден, XIII ғасырдағы Моңғол шапқыншылығы. Шыңғысхан жорығы кезінде Отырар секілді ірі қалалар қиратылды.
Екіншіден, сауда жолдарының өзгеруі. XV-XVI ғасырларда теңіз саудасы дамыған соң Ұлы Жібек жолы өз маңызын жоғалтты.
Үшінші себеп, климаттық өзгерістер. Жердің тозуы мен құрғауы ауыл шаруашылығының құлдырауына және халық санының азаюына әкелді.
Төртіншіден, көшпелі өмір салтына ауысу. Уақыт өте келе отырықшы қалалар өз ықпалынан айырылып, көшпелі тіршілік басымдыққа ие болды,
Қалпына келтіру жұмыстарындағы көрші елдер тәжірибесі
Қазақстан ежелгі қалалардың көбін жоғалтып, олардың тек қирандылары қалды. Неге?
Қазіргі таңда көрші елдер, әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстан, тарихи орындарды қалпына келтіру жұмыстарында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Мысалы, Өзбекстанда Самарқанд, Бухара мен Хива қалаларында бірнеше ғасырлық тарихы бар ескерткіштер қайта жаңартылып, әлемдік туризм картасында маңызды орынға ие болды. Өзбекстанның бұл саладағы жетістіктері Қазақстан үшін үлгі дейді сарапшы.
Қазақстан аумағында шапқыншылық пен соғыс жиі орын алып отырды, дейді сарапшылар. Дәл сол кезде Өзбекстанның қалалары мемлекет тарапынан қорғалып, қолдау таба білді.
Өзбекстанда сауда және мәдени дәстүрлер дамуын тоқтатпады, ал Қазақстанда урбанизация көшпелі өмір салтына жол берді.
Өзбек халқы туризмді де дер кезінде қолға ала білді. Яғни қалалар тұрақты қалпына келтіріліп отырды, және туристік маршруттарға енгізілді. Сондай-ақ Өзбекстанның климаты қолайлы. Салдарынан көне ғимараттар жақсы сақталған. Қазақстанда қыс қатты екенін ескерсек, ауа райының қолайсыздығы ғимараттардың тез бұзылуына әкелді.
Құрылыс материалдарының айырмашылығын да ескерген жөн. Өзбекстанда күйдірілген кірпіш қолданылған, ал Қазақстанда шикі кірпіш жиі қолданылып, ол табиғаттың күштеріне төзе алмады.
Тарихи орындарды қалпына келтірудің сәтті жобалары
Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қирап бұзылған тарихи орталықтарды қалпына келтіруге болады. Мысалы:
— Самарқанд пен Бұқара (Өзбекстан) — қалпына келтіру жұмыстарына салынған инвестициялар бұл қалаларды жаһандық туристік орталықтарға айналдырды.
— Гөбеклі-Тепе (Түркия) — әлемдегі ең көне мегалиттік кешен ашық аспан астындағы музейге айналып, мыңдаған туристер мен демеушілердің назарына ілікті.
— Петра (Иордания) — бос қалған қала қалпына келтіріліп, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сондай-ақ Ежелгі Таяу Шығыстың символына айнала білді.
Сарапшылар Қазақстанның тарихи мұраларын қалпына келтіруге әлеуеті жетеді деп бағалайды. Дәулет Жамайбеков бірнеше ұсыныстарымен бөлісті.
Халықаралық имидж және экономикалық пайда
Тарихи ескерткіштер мен қалаларды қалпына келтіру тек мәдени мұраны сақтап қалумен ғана шектелмейді. Туризм саласы дамып, жергілікті экономикаға қосымша табыс әкеледі. Туристік инфрақұрылымның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қалпына келтірілген ескерткіштер халықтың мәдениетке деген қызығушылығын арттырады. Қазақстан әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесін көрсетіп, халықаралық деңгейде өз позициясын нығайта алады. Сарапшылар жоғалған тарихи мұраларымызды қайта жандандыру барлық жағынан тиімді екенін алға тартып отыр.
«Егер еліміздегі тарихи орталықтарды қайта жаңғыртсақ, ол арқылы мәдениет пен туризмді дамыта аламыз. Бұл маңызды бағыт десем де болады», — дейді сарапшы.
Маман ең алдымен археологиялық нысандарды қалпына келтіруді қолға алу керек екенін айтады. Мысалы бүгінде Отырар мен Сауранда қазба жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен бұл бағытта ауқымды жаңғырту қажет.
Тарихи орындарда реконструкция жұмыстарын жүргізу маңызды. Еуропа бұл тәжірибенің күшті мысалы дейді маман. Аталмыш жұмыстар елімізге келетін туристердің санын өсіреді.
Елде бар барлық тарихи нысандарды қайта қарап зерттеу жұмыстарын жүргізу. Сол арқылы қалпына келтіруге немесе маңында жаңа құрылыстар салуға болатынын анықтауға болады.
Ұлы Жібек жолы маршруттарын дамыту арқылы Қазақстан қалаларын халықаралық туристік бағдарларға қоса аламыз.
«Қазақстан бай тарихи мұраға ие. Оны дұрыс пайдалану арқылы біз қалыптасып, тіпті сіңіп кеткен стереотиптерді жоямыз. Одан бөлек жаңа мәдени және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашамыз», — деп түйіндеді сарапшы.