Депутаттар форумында көп нәрсе айтылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Соның бірі — Ринат Заитовтың дәстүрлі ұлттық театр ашу туралы ұсынысы.
Тәуелсіздік алғалы жылдар өте ұлттық болмысымыз бірте бірте тасада қала бастағаны рас. Ендеше қазақтың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді. Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзімен абырой-намысымызды асқақтатқан айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен сүлейлер мен қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға орналаса алмай келеді.
Ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет.
Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-скала, Қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет.
«Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ», — деді Мәжіліс депутаты Ринат Заитов.
Ұлттық болмысымыз біріншіден жаһанданудың тасасында қалды, екіншіден оны орыс пен батыс мәдениеті тотықтырды, одан кейін келіп діни ұстанымдағылар қатты жанши бастады. Тіпті оған Мәжіліс деңгейінде тойтарыс беруге тура келді. Кей уақыттары біздің қоғам өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы Ауғанстан, Иран сияқты елдерді еске түсіреді. Сондықтан да енді кешігуге болмайды.