Алматыдағы химико-биологиялық Назарбаев Зияткерлік мектебінің ARES командасы халықаралық турнирге шақырту күтіп отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы қаржы сарапшысына сілтеме жасап.
Айбар Олжаевтың пікірінше, олардың агроинновациялық жобасы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл ойнауы мүмкін. 10 сынып оқушылары электр өрістерін құрып, осы өрістің ішінде өсімдік қалай өседі, ұзақ уақыт бойы соны зерттеп шықты.
Олар бірнеше сынақ жүргізу арқылы амброзия бұршақтарын өсірген. Тәжірибе барысында үш түрлі электр режимі: 150, 250 және 300 вольт кернеу қолданылды. Нәтижесінде 150 вольтта өсімдік өсімі еш өзгеріссіз қалса, 300 вольтта бұршақ тез солып қалған. Алайда 250 вольт тамаша нәтиже берді. Ол кезде бұршақ екі есе тез өскен.
Зерттеу тобының ойынша, 250 вольт режимінде электр өрісі метаболикалық процестер мен жасушалардың бөлінуін жеделдетуге ықпал етеді. Осы кезде ион ағындары да әсер беретін сияқты. Электр өрісі иондарды тезірек жылжытып, өсімдіктегі қоректік заттардың жылдам таралуына көмектеседі.
«Өсу процесін әрі қарай жетілдіру және автоматтандыру үшін біз Arduino сенсорлары мен контроллерін қолдандық. Топырақтағы су деңгейін бақылау үшін суға батыратын ылғалдылық сенсорын, процестерді синхрондау үшін уақыт модулін, жүйені басқару үшін Arduino Nano контроллерін, жарық диодтары мен суды автоматты түрде жеткізу сорғысын іске қостық», — дейді зерттеу тобының мүшесі, болашақ биотехнолог Данияр Олжаев.
Данияр Айбарұлының сөзінше, олар зерттеуді жалғастырып, бұршақтан басқа өсімдіктермен тәжірибе жасайтын болады. Қазір жоба халықаралық ғылыми сайысқа тапсырылды.
Электр өрісі өсімдіктерді 50 пайызға тез өсірсе, мұны коммерциаландыруға әбден болады. Әр астықтың тиімді электр режимін табу және оны оңтайландыру ғана қалды. Ең бастысы, қазақтың жас балаларының ғылыми жаңалықтарға деген құлшынысы жарқын болашаққа деген сенімімізді арттырмақ. Демек, ұлтымыз бекер өмір сүріп жүрген жоқ.