Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ғалым“Qasqa Jol” YouTube арнасына берген сұхбатында діннің негізіне тоқталды.
“Дін деген бір мешітпен шектелмейді. Біздің ата-бабаларымызда жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүргенде мешіт болып па еді? Бірақ оларда әулиелер көп еді ғой. Мәшһүр Жүсіптер қайдан шықты?! Аспанға қарайық. Көгілдір аспан мешіттің күмбезі емес пе? Жерге қарайық. Жер, ол — мешіт емес пе? Пайғамбарымыз кез-келген жер мешіт деді. Дін деген бір мешітпен шектелмейді. Ол басқа діндерде. Дін деген сенің дем алып, дем бергеніңнен басталады ғой. Дін деген ол мейірім. Бүкіл Пайғамбарды Алла тағала мейірім үшін ғана жібереді. Жер беті зұлымдыққа толып кетті. Бабаларымыздан Құнанбай ғана қажылыққа барған. Қазақтың қай ханы қажылыққа барып еді? Бұл жерде қажылыққа қарсы шығып жатқан жоқпын. Бірақ қажылыққа бармай-ақ, қазақ Аллаға барды ғой. Біреулер мешітке молдаға барады, біреулер мешітке Аллаға барады», – деді ол.
Мұхитдин Исаұлы Рамазан айында жасалатын амалдарды атады.
”Сәресін іштім деп тойып алатын болсаң, кешке ауызашарға барып тойып тамақ ішсең, Рамазан болмайды. Оның өзінің өлшемі бар. Диетологқа барсаң да нақты бір дүниелерді айтады ғой. Оразаның өзінің жүйесі, жоспары бар. Сонымен жүргенде ғана ораза болады. Әйтпесе көппен көрген ұлы той деп одан сайын салмағың ауырлап өткізесің. Рамазанның сырлары бөлек. Құдай бізге Рамазанды бергенімен оның қадірін біле алмай жүрміз. Тарауих — рухтың демалуы дегенді білдіреді. Аз ғана тамақ ішіп алғаннан кейін намаз оқу арқылы рухтың демалуы”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол әр ұлттың дінді өз ұстанымы мен салт-дәстүріне лайық етіп ұстаудың маңызына тоқталды.
“Дінді Алла бізге бергенде жалаң қылып береді. Бірақ оның сыртқы қорабын әр ұлт өзі жасайды. Ал біздің ұстанып отырған сыртқы қорабымыз ол араб пен парсының, түріктің сыртқы қорабы. Ата-бабамыздың салтына қарап жасамаймыз ба? Оразаны арабтың ұстанымдарымен ұстаймыз. Олардың ұлты бөлек қой. Құранда Алла Тағала ұлттарға бөлдім деп айтады. Әр ұлт бір-бірін танысын деп. Әр ұлттың ерекшелігін сақтау керек дейді. Қазақтың қошқар мүйізін сақтағаны соншалық кезінде Сұлтан Бейбарыс қағбаға барып іліп қойған. Ол қошқар мүйіз әлі күнге дейін тұр. Арабтардың өзі ала алмайды ғой. Пайғамбарымыздың мешітіне барсаң, оның мешітінің намаз оқитын жерінде қошқар мүйіз тұр. Меккеде де, Мәдинада да тұр қазақтың оюлары. Қазақтың мәдениетін кезінде арабқа сіңдірген. Әр ұлт өзінің дінін ұстанғанда ұлттық бояуымен ұстану керек. Рамазан халқымыз үшін ұлттық мейрам секілді қалыптасқан. Оны бабаларымыз ұлттық кодпен бояуға тырысқан”, – деді ол.