Елімізде мамыр айынан бастап күнкөріс минимумы жаңартылды. Бір адамға шаққанда 55 561 теңге болып бекітілді. Бұл адамның ең төменгі қажеттіліктерін қамтуы тиіс базалық есептік көрсеткіш. Алайда іс жүзінде бұл сома халықтың ең қарапайым қажеттіліктерін де жаппайды. Ал билік халықтың басқа да қалауларын сырып тастаған сияқты. Мысалы денсаулық, адамның дамуы мен білімі, әлеуметтік белсенділік. Осы сомаға қалай өмір сүруге болады? Сарапшылар саралап көрді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстандағы күнкөріс минимумын есептеу әдістемесі екі негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі, азық-түлік себеті (жалпы соманың 55%-ы), ол 43 түрлі өнімнен құралған. Екіншісі, азық-түліктік емес тауарлар мен қызметтер (45%) – оған коммуналдық төлемдер, көлік, байланыс, дәрі-дәрмек, киім-кешек, салықтар мен күнделікті басқа да шығындар кіреді. Мұндай тәсіл тек физиологиялық минимумды ғана көрсетеді, яғни өмір сүру емес, тіршілік ету деңгейі ғана. Ал шынайы өмір сүру бұл стандарттарға мүлде сай келмейді.
Айта кету керек, 55 561 теңге ел бойынша орташа көрсеткіш. Алайда өңірлердегі көрсеткіш әр түрлі. Себебі баға, қызметтердің қолжетімділігі және өңірлік экономика деңгейі өзгеріп тұрады. 2025 жылдың мамыр айындағы мәліметке сәйкес, күнкөріс деңгейі ең жоғары өңірлерге енген:
• Маңғыстау облысы – 63 744 теңге
• Алматы облысы – 60 248 теңге
• Астана қаласы – 58 847 теңге
• Алматы қаласы – 58 202 теңге
Ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейден әлдеқайда төмен:
• Солтүстік Қазақстан облысы – 52 173 теңге
• Павлодар облысы – 52 445 теңге
• Жамбыл облысы – 51 852 теңге
• Ұлытау облысы – 50 981 теңге
Жоғарыдағы статистика еліміздегі бірыңғай күнкөріс минимумы шынайы жағдайды толық көрсетпейтінін дәлелдейді. Қымбат қалаларда бұл сома әрине жеткіліксіз. Әлеуметтік және экономикалық дамуы төмен өңірлерде ол халықтың нақты қажеттіліктерін ескермейді.
Тәжірибе көрсеткендей, 55 561 теңгеге тек амалдап тіршілік етуге болады. Бұл соманы бір айға бір адамға бөлетін болсақ, адамның мүмкіндіктерінің қаншалықты шектеулі екені көрініп тұр. Мысалы,
• Тамақ – шамамен 30 558 теңге немесе күніне 1000 теңге. Бұл тек нан, макарон, картоп пен суға ғана жетеді. Ет, балық, жеміс-жидек ерекше жағдайларда ғана қолжетімді.
• Коммуналдық қызметтер – 10 000–15 000 теңге. Бұл минимум көрсеткіш, соңғы уақытта коммуналдық шығындар едәуір артқанын ескерген жөн.
• Көлік – 5000–10 000 теңге, қатынау жиілігіне байланысты.
• Ұялы байланыс және интернет – ең кемі 2000–3000 теңге.
• Гигиена мен тұрмыстық химия – шамамен 3000 теңге, тіс пастасы, сабын, кір жуғыш ұнтақ.
• Киім-кешек пен аяқ киім – орта есеппен айына 2000 теңге, егер жылына бір рет жаңартылатын болса.
• Медицина – 500–3000 теңге. Ауырып қалған кезде бұл мүлде жеткіліксіз.
• Демалыс, спорт, даму – 0 теңге. Әуелден қолжетімсіз.
• Күтпеген шығындар – 0 теңге.
Мұндай жағдайда адам тек материалдық жағынан ғана емес, әлеуметтік өмірден де шеттетіледі. Спортпен айналысуға да, мәдени шараларға баруға да, тіпті қарапайым ем-дом алуға да мүмкіндігі жоқ. Қаржылық қауіпсіздік туралы мүлде сөз қозғаудың қажеті жоқ.
Күнкөріс деңгейін есептеу әдісі жиі сынға ұшырайды. Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік себеті ескірген және қазіргі заманға сай салауатты тамақтану талаптарына сай келмейді. Азық-түліктік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар тым аз көрсетілген. Сонымен қатар, бұл әдістеме студенттер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көп балалы отбасылар және жалдамалы пәтерде тұратын азаматтардың өмір сүру ерекшеліктерін ескермейді. Дегенмен, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың шығындарын қамтитын әмбебап көрсеткішті жасау қиын екенін де мойындау қажет.
Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін түсіну үшін басқа елдермен салыстырған дұрыс. Әдістемелер әртүрлі болғанымен, жалпы алғанда, Қазақстан бұл тізімде төменгі орында. Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде күнкөріс деңгейі төмен, бірақ ол елдерде тауарлар мен қызметтердің бағасы да арзан. Ал Ресейде жоғары, баға да соған сай.
Дамыған елдерде азық-түлікке жұмсалатын шығын әлдеқайда аз, алайда қызмет көрсету саласы қымбат. Сондықтан күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақының атаулы көлемі жоғары болғанымен, ол көбінесе тек негізгі қажеттіліктерді жабуға бағытталады:
• АҚШ: айына 1200–2500 доллар (540 000 – 1 млн теңге)
• Германия: шамамен 1985 еуро (960 000 теңге)
• Ұлыбритания: шамамен 1830 фунт (1,1 млн теңге)
• Аустралия: 3500 австралиялық доллардан жоғары (1,1 млн теңге)
Күнкөріс минимумы кедейлік деңгейіне де әсер етеді. Ол ресми түрде осы көрсеткіштің 70%-ын құрайды. Мемлекеттік статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың басында 1 миллионнан астам адам кедейлік шегінен шыға алмай отыр. Бұл халықтың шамамен 5%-ы. Ал Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы кедейлер саны ресми көрсеткіштен 2,6 есе көп.