Жарияланды: 370

Кеден комитетінің экс-басшысы он жылға сотталды

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Байғамбетовке үкім шықты. Енді ол өмірінің он жылын темір торда өткізеді. Экс-төраға аймақтағы департамент басшысының  лауазымын саудалап ірі көлемде пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Кеденге дейін Ішкі істер министрлігін басқарған 54 жастағы шенеунік былтыр ақпан айында қамауға алынған болатын.

Сот отырысының уақыты бүгін бірнеше рет шегерілді. Түстен кейін ғана 23 томға арқау болған  «атышулы» іске соңғы нүкте қойылды.

Құрығы ұзын шенеуніктен бір сәтте күдіктіге айналып шыға келген Серік Баймағамбетов сот отырысына соңғы рет келе жатыр. Ақырғы үкімді тыңдау үшін. Қобалжып отырғаны байқалады. Үш жарым айға созылған тыңдау соңында Кеден комитетінің экс-басшысы «лауазымын асыра пайдалану» бабы бойынша толықтай ақталды. Бірақ судья  Баймағамбетовтың ірі көлемде пара алғаны дәлелденді деп 10 жылға бас бостандығынан айырды. Енді ол жазасын қатаң режимдегі абықтыда өтейді. Одан генерал-майор шені мен «Құрмет» ордені қайтарылып алынады және 7 жылға дейін мемлекеттік қызметке оралмауы тиіс. Одан қалды барлық дүние-мүлкі тәркіленбек.

Ерлан Қосмұратов, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- Банктегі есепшотында сақталған 9 млн 948 мың 26 теңге 39 тиын, Алматы және Ақмола облысының Шучье қаласындағы жер учаскелері сондай-ақ, жеке үйінен тәркіленген 4 мың доллар мен 360 мың теңге және де пәтерінен табылған тапанша, аңшы мылтығы, бағалы қол сағаттар осының барлығы мемлекет меншігіне қайтарылсын.  

Үкім оқылып жатқан кезде туған ағасының мүддесін қорғаған  қарындасы көз жасына ерік бермей тұра алмады. Ал  аймақтық департаменттегі жайлы орынтақты 80 мың долларға сатты делінген  экс-төраға сол күйі айыбын мойындаған жоқ.

Серік Баймағамбетов:

- Ақша алып жатқан жерімде ешкім ұстамады. Оны дәлелдейтін бейне аудио материалдар да жоқ. Ал Шығыс Қазақстан облысы департаментінің бастығының орынбасарлығына Әбдіразақовты тағайындау жөніндегі бұйрығым заңды. Ол барлық талаптар сай келді және тиісті барлық органдармен келісілді. Тіпті маған қызметтік көлікпен әйел мен қызыңды мектепке тасыдың деген күлкілі айып тақты. Маусым, шілде тамыз айлары жазғы демалыс болғандықтан бұл айып әрине алынып тасталып отыр.

Енді Серік Баймағамбетов кім еді дегенге келсек. Томаға тұйық шенеунік президент әкімшілігінде, Әділет министрлігі тіпті өзіне ауыр айып таққан қаржы полициясында да істеді. Кейін саяси мансабы бірден жоғарылап Мәжіліс депутаты, күтпеген жерден Ішкі Істер министрі атанды. Ал еліміздің бас кеденшісі болуы сол екен басына қара бұлт үйрілді.

- Жұмысыңызға табыс тілейміз.

Соңғы қызметінде генерал майор бір жылда тұрақтай алмады. Былтыр   қаңтар айында  Кеден комитетінің қауіпсіздік қызметі басшыларының кабинетінен  жасырын камера мен жазба құрылғыларын анықтаған. Баймағамбетов менің аңдуға қойған деген үреймен бас прокуратурадан бастап қаржы полициясына шағымданған.Әріптестері мәселені анықтаймыз дегенімен көп уақыт өтпей қолына кісен салынды.

Міне, он жыл арқалап кете барған  Баймағамбетовты қарауыл күзеті алып бара жатыр. Әскерилер оған асқан құрметпен қарайтындай. Қолына кісен де салмаған. 

Осылайша Серік Баймағамбетов пара алмадым сүттен ақ судан тазамын деп отыр. Үкіммен келіспеген оның адвокаттары  шағым дайындауға шұғыл  кірісіп кетті. Аппеляция беруге қорғаушыларының 15 тәулік уақыты бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін