Сонымен бірге Қ.Бозымбаевтың айтуынша, 2005-жылы ұлттық электр желілерін жаңалау жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тауып, осы мақсатта 8,1 млрд. теңге игеру көзделген. Бұл қаржы жоғары кернеулі электр жабдықтарын сатып алуға, реле қорғаныс жүйесін жетілдіруге, қосалқы станцияны автоматтандыруға, сондай-ақ, спутниктік байланыс желісін қолданысқа енгізуге жұмсалады.
Қ.Бозымбаевтың хабарлауынша, «KEGOС» АҚ өзі өндіретін қызметке жаңа баға белгілеу және тариф саясатын жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастырады. «Біз болашақта бағаны мейлінше әділетті белгілеуге талпынбақпыз. Ал қазіргі баға көбінесе тұтынушының электр қуаты көзінен арақашықтығына байланысты болып келеді»,- деді компания президенті. «Біз осынау тәуелділікті жоюды көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы басталады. Алайда оны аяқтау үшін 3 жылдан кем емес уақыт керек»,- деді «KEGOС» басшысы. Компания жаңа әдістемелерді жасауды қазірдің өзінде қолға алып отыр.