Ал енді ауылдарды сақтап қалу үшін және халықты ынталандыру үшін билік қандай шаралар қабылдап жатыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап білді.
Ауылдар саны неге азайып жатыр?
Ауылдар санының азаю үрдісі кемінде соңғы 25 жыл бойы байқалып келеді. Соңғы жылдары жағдай тіпті қиын. Мысалы 2020–2022 жылдары ауыл саны 46-ға қысқарса, 2023–2025 жылдары бұл көрсеткіш 199 ауылға жеткен. Жалпы, бақылауға алынған кезеңде ауыл саны 1,8 мыңға азайған.
2025 жылғы қысқарудың негізгі бөлігі елдің солтүстігіне тиесілі. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары ел бойынша жойылған ауылдардың 80 пайызын құрап отыр. Аdilet.zan.kz сайтында жарияланған құжаттарға сәйкес, аталған кезеңде осы өңірлерде 68 ауыл таратылып, бір жаңа ауыл құрылған — Нұрлы ауылы (Астанамен шектесетін Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды).
Тұрғыны жоқ ауылдар көбейіп барады
2021 жылғы соңғы халық санағы бойынша таратылған 68 ауылда 1,5 мың адам тіркелген, бұл 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 4,4 есе аз. Ең «үлкен» Ақмола облысындағы Красносельское ауылының өзінде халық саны небәрі 74 адам болған.
Қалған ауылдардың жағдайы одан да қиын.
- 68-дің 62-сінде, халық саны 50 адамнан аспаған.
- Павлодар облысындағы Малая Парамоновка ауылында мүлде тұрғын тіркелмеген.
- Солтүстік Қазақстан облысындағы Мирное және Калиновка ауылдарында, тиісінше, бір және екі адам ғана тұрған.
Заң талаптары және тарату себептері
Ауылдарды ресми түрде таратудың себептері бар. Негізгісі — халық санының аздығы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үш жыл қатарынан тұрғын саны 50 адамға жетпейтін елді-мекендер таратылады.
Тарату дегеніміз — елді-мекенді есептік деректерден шығарып, оны жақын орналасқан ірі ауылдың құрамына қосу. Сонымен бірге елді-мекеннің тағдыры туралы түпкілікті шешімді жергілікті билік тұрғындардың ашық жиналыста білдірген пікірін ескере отырып қабылдауы тиіс.
Осылайша, ондаған ауылдың таратылуы елде заң талаптарына сәйкес жабылуға жататын, тұрғындары іс жүзінде қалмаған елді-мекендердің әлі де аз емес екенін көрсетеді.
Көші-қон – басты фактор
Жалпы, ауыл халқы санының қысқаруына әкелетін негізгі фактор — көші-қон. Бұл тек Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарына ғана емес, елдің көптеген басқа аймақтарына да тән құбылыс.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының өсімі тек Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелген.
Ауылға көшуге арналған жаңа бастамалар
Мысалы Абай облысында «Қаладан – ауылға» жобасы іске қосылды. Жоба аясында қоныс аударушыларға баспаналы болуға, бизнес бастауға, мал алуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл бастама ауылдарды жаңғыртуға және қала тұрғындарын шалғай елді-мекендерге тартуға бағытталған.
Жобаның басты мақсаты — ауыл халқын тұрақтандыру, қала тұрғындарының ауылға көшуін ынталандыру, кадр тапшылығын азайту және ауыл экономикасын дамыту.
Бағдарлама 2028 жылға дейін жоспарланған. Абай облысында 138 ауылдық округ пен кент бар. Қазіргі таңда өңірде шамамен 600 мың адам тұрса, соның 222 мыңы ауылдық жерде өмір сүреді.
Қандай қолдау ұсынылады?
Өңірдегі ауыл әкімдері қоныс аударушыларға тек баспана мен тұрақты жұмыс ұсынып қана қоймай, қосымша материалдық қолдау да беруге дайын.
Кәсіпкерлер үшін әртүрлі гранттар қарастырылған. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7–10 жыл мерзімге ұсынылып, әсіресе мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі.
Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспановтың айтуынша:
«Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы сатып алынатын үйдің бастапқы жарнасы ретінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Яғни, бастапқы жарнаның 90 пайызын облыс әкімдігі өтейді. Ол үшін бастапқы жарна 1,5 млн теңгеден аспауы тиіс».
Ал Абай ауданына қарасты Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы тіпті нақты уәделер беріп отыр.
«Ауылдық округтің талабын орындаған әр отбасына басына баспана, 10 бас қой, 2 бас ірі қара және 1 жылқы беріледі. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Ауылға көшіп келген отбасында дүниеге келген балаға ат мінгіземіз».
Қоғам пікірі екіге жарылды
Жаңа бастама қоғамда түрлі пікір тудырды. Бірі мұны тиімді шешім деп қабылдаса, енді бірі жүйелі өзгерістер қажет екенін айтады.
«Екі сиыр сауып күн көр деп отыр ма? Жұмыс орнын ашып өндіріс орындарын ашып жұмыспен қамтамасыз етсе халық өзі барады», — деп жазды sakhanmukhit.
«Мал жаятын жер жоқ, ауыл маңының бәрін жеке меншік жауып алды. Малға беретін шөпті сатып алу керек болады деп айтып жатыр. Расында, заңға аналы жасаған кезімізде ауыл маңындағы жерді кімге беруді әкім шешеді. Ауыл мәслихаты шешпейді. Сондықтан әкім шұрайлы жердің бәрін қалталыларға беріп тастайды. Ал ауыл адамы өз малын бұрын суарып жүрген жерге суара алмай қалады», — деп жазды jamguzhan.
«Тағы үстінен 5 млн теңге қосып берсе, көшемін»,
«Әкімнің бастамасы керемет, жасасын», — деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Ауылдардың жойылуы — тек статистика емес, бұл елдің демографиялық, экономикалық және әлеуметтік құрылымына тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Билік ұсынған жаңа бағдарламалар белгілі бір үміт сыйлағанымен, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірінше, ауылды сақтап қалу үшін тек ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Жүйелі түрде жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және жер қатынастары мәселесін шешу — негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс.