“Келешек”: 5 жасқа толған балаға ғана ақша түседі ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 530.24
  • 543.97
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
15 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Келешек”: 5 жасқа толған балаға ғана ақша түседі ме?

“Келешек”: 5 жасқа толған балаға ғана ақша түседі ме?

Егер бір үйден бірнеше балаға шот ашылатын болса, мемлекет тарапынан олардың әрқайсына 5% емес, 7% сыйақы төленеді.

  • 15 Қаңтар
  • 6
Фото: media.ru

Президент қол қойды деп сүйіншілегелі бұл жүйеге қатысты сұрақ көбейді. Қаржылық сауат телеграм арнасы сарапшылардың пікірін жинақтап, талдау жасады деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жобаға 5-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Бірақ, тиісті Заңға Президент биыл ғана қол қойғандықтан, 2025 жылы 5-ке толатын балалардың шотына ғана мемлекеттен алғашқы капитал түседі.

Ол — 60 АЕК (235 920 теңге). Жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) аударылады.

Одан кейінгі жастағы (6-7-8… аралығындағы) балаларға ол жарна түспейді. Неліктен мұндай талап? Өйткені ЖОО-да білім алуға керек қаражатты жинап үлгеру үшін орташа есеппен 13 жыл уақыт керек екен. Одан аз уақытта тиісті сомаға жеткізу қиын. Яғни, 5-18 жас аралығында жүйе талаптары толық орындалатын болса, әр баланың шотында шамамен 7,5 млн теңге жинақталу керек.

Талап деп отырғанымыз — әр ата-ана баласына шот аштырған жағдайда ай сайын 8 мың теңге көлемінде қаражат салып отыруы керек. Әлеуметтік осал топқа жататын балалар шотына 4 мың теңге салынады. Жылына шығатын соманы жинап баланың шотына бір реттік операциямен де салуға болады, ай сайын бөліп аударуға да болады. «Егер оны орындай алмасаңыз, я болмаса, бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударатын болса, онда мемлекет өзі салған капиталын кері қайтарып алады», деп жазады egemen.kz.

Егер мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде есепшотыңыз ашылып қойған болса, ондағы барлық жинақтарыңыз бен сыйақыларыңызды жоғалтпастан «Келешек» жобасына ауыса аласыз. Жалпы, бұл жерде ескеретін нәрсе — ата-ана «Келешек» жүйесімен шот ашуға міндеттенбейді. Ашу-ашпау өз еркіңізде.

Мектепті аяқтағаннан кейін жиналған қаражатты колледждер мен ЖОО-да оқу ақысын төлеуге болады. Білім беру грантын алған жағдайда жинақты:

-басқа техникалық және жоғары білім алуға;

-жинақтауды жалғастыруға;

-үшінші тұлғаға (туысы ҚР азаматы болуы керек) аударуға;

-үй алуға пайдалануға;

-білім туралы құжат ұсынылған жағдайда жинақталған қаражатты қолға алуға болады.

Шотты қайда ашамыз? Әрине, екінші деңгейлі банктерде. Олар да бала шотына 12%-дан төмен емес ставкамен сыйақы бөліп отыруға тиіс. Сонда биылдан бастап 5 жасқа толған баланың шотына — мемлекеттен, банктен және ата-ананың қорынан ақша түседі деген сөз.

Егер бір үйден бірнеше балаға шот ашылатын болса, мемлекет тарапынан олардың әрқайсына 5% емес, 7% сыйақы төленеді.