Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
“Samruk-Kazyna Construction” компаниясы осы уақытқа дейін салынған “Келешек мектептерінің” санын жариялады.
Ұлттық жоба аясында жалпы 217 заманауи оқу ордасы салынуы қажет. Соның ішінде, 208 мектептің құрылысына “Samruk-Kazyna Construction” компаниясы жауапты.
«2024 жылы 104 мектептің құрылысы аяқталған болатын. Қалған 104 нысанның ашылуы 2025 жылға жоспарланған. Биыл 1 қыркүйегіне дейін 68 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі”, — дейді компания басшысы Мәулен Айманбетов.
“Келешек мектептері” көп салынған өңірлер:
Түркістан облысында 29 мектеп (4-уі жылдың соңына дейін аяқталады);
Алматы облысында 26 мектеп (7-уі жылдың соңына дейін аяқталады);
Астанада 22 мектеп (1-уі жылдың соңына дейін аяқталады);
Алматыда 13 мектеп;
Ақтөбе облысында 14 мектеп (6-уы жылдың соңына дейін аяқталады);
Маңғыстау облысында 13 мектеп (1-уі жылдың соңына дейін аяқталады)
Шымкентте 12 мектеп;
Қызылорда облысында 10 мектеп (1-уі жылдың соңына дейін аяқталады);
Қарағанды облысында 10 мектеп).
Басқа өңірлерде «Келешек мектептерінің» саны оннан аз.
Ұлытау облысында 1 ғана “Келешек мектебі” салынған.
Айта кетері, ұлттық жобаға бюджет пен ұлттық қордан бөлінген қаржының жалпы көлемі 1,423 триллион теңгені құрап отыр. Жаңа мектептердің 40%-і ауылдық жерлерде бой көтереді.