Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Біртілек ауылдық округіне қарасты Жолбасшы ауылының тұрғыны Шералы Тәжібаев 2 гектар аумаққа қырыққабат еккен болатын. Өткен жылы қара күзде егілген көкөніс қазір пісіп-жетілген.
Бүгінде шаруа 38 тонна өнім жинады. Ал, ақпан айында тағы 100 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Жиналған қырыққабаттардың алғашқы легі Астана, Алматы қалаларына сатылымға жіберіліп жатыр.
– Биыл қар аз түсті. Қыс суық бола қойған жоқ. Жеңіл жамылғының астына егілген көкөніс көшеті тез тамыр байлады. Жиналып жатқан қырыққабаттың әрқайсысының салмағы 4 келіге дейін барады. Қырыққабатты ертерек ексек бағаға да әсер етеді. Қанша ерте шықса, сонша қымбат болады, — дейді Шералы Тәжібаев.
Жыл он екі ай бойы тыным таппайтын келестік диқандардың дені қазір қырыққабат егіп жатыр. Өңірдегі шаруашылықтар мың гектардан астам жерге қырыққабат өсірмек. Яғни, бір маусымда егістіктен үш рет өнім жинауды жоспарлап отыр. Бұл аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді.
Айта кетейік, өткен жылы Келес ауданы бойынша 2 400 гектарға қырыққабат өнімі егіліп, шаруалар 35 мың тонна өнім алған болатын.