Манзура әжей келінін неге қайтарғысы келетінін айтып берді.
Бұл туралы ол Stan.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді, — деп жазады Caravan.kz медиа порталы.
"Кел, татуласайық" бағдарламасының қатысушысы — Түркістан облысының тұрғыны келінім келін емес, келсап болды деп налиды. Баласымен сүйіп қосылған келіні үш баласын тастап, өзгенің құшағында неге кеткенін білмей дал.
"Келініммен кикілжің бір бала босанған соң көбейді. Келінімді маған айдап салып отырған құдағиым шығар деп білемін. Сегіз жыл бір шаңырақ астында тұрған екеуінен үш қыз бар. 2017 жылы балабақшаға тәрбиеші етіп кіргіздім. 35 мың айлығы дымға да жетпейді. Сосын үлкен қызым екеуін кондитерлік магазинге кіргіздім. Түнгі ауысымда жұмыс істеп жүрді. Содан бір күні үйде қатты жанжал шығып, келін үйден кетіп қалды. Оның артынан балам барғанымен кері қайтпады", — дейді апай.
Содан бір күні баласы, айтуынша, көрші-қолаңнан әйелінің басқа біреумен ойнас жасап жүргенін естіпті. Қазір арада жеті айдай өткен.
"Әлі татуласқан жоқ. Ұлым өзіне бірдеңе жасап қоя ма деп қорқамын. Балам татуласуға қарсы емес, келінімнің жауабын білмеймін. Егер келіссе, үйге әкелемін. Келіспесе, балама басқа әйел алып беруге дайынмын", — дейді ол.
Ененің ендігі тілегі — келіні мен баласы татуласып бақытты ғұмыр кешсе екен.
Кейуана өзінің көрген күнін балалары көрмесе екен дейді, сол үшін еңбек етіп, базар аралап, күн көрген. Жалғыз тіреуі ағасынан айырылуы әжейге қатты тиген. Бірақ әжейдің басындағы сынақ жалғыз бұл емес.
"Әке-шешеден ағам екеуміз ғанамыз. Он жылдық мектепті бітірген соң мені ешқайда оқытпады. Ағам жігіттер сөз қылмасын деп, қатты қызғанды. Бірақ күйеуім алып қашып кетті. Бір ұл, бір қыздан кейін ажырасып кеттік. Күйеуім ұрып-соғып күн көрсетпеді. Ол кезде жасым жиырмадан енді асқан еді. Өмір бойы соқа басым сопиып қалмасын деп шал болса да бір күйеуге тиюім керек деген шешімге келдім. Солай жүргенде менен 23 жас үлкен шал кездесіп, бір көргеннен ғашық болды. Соған тұрмысқа шықтым. Бірақ екеуміздің арамызда бала болмады. Оның баласы бар еді. Бұзақыларға қосылып қайтыс болды. Осыдан шошып, балаларымның болашағы үшін уайымдап, одан кеттім", — деген ол сол уақыттан бері жалғызбасты ана.
"Үлкен қызымды тұрмысқа бердім. Жеті жыл отасты. Бала болмады. Күйеу балам бедеу болды. Апармаған жерім қалмады. Одан бөлек қызымның бар тапқан-таянғанын алып отырды. Содан ажырасып кетті. Қазір тұрмыста емес, екі баласы бар. Жалғызбасты ана. Екінші күйеу балам қызымды мәжбүрлеп жыныстық қатынаста болған. Оның өз отбасы бар. Бірақ әйелі ажырасуға арыз беріп, алиментін алып отыр. Қызым қазір тоқалы, былайша айтқанда ашынасы болып жүр. Арада екі бала бар", — дейді ашынған ана.
Манзура әжей қазір қызына үй алып, бөлек отау етіп, жағдайын жасап берген. Ал ұлының тағдыры жанына қатты бататынын айтып егіледі.
"Келініммен татуласқым келеді. Екеуі бір-бірін сүйіп қосылған. Келін алғанда балам жұмыс істеп жүретін. Айлығын үйге әкеп тұрады. Үйде ақшаны ұстайтын — мен. Үйдің ұйытқысы болған соң табысты маған әкеледі, егер оларға ақша керек болса, мен беремін", — дейді ол.