Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист, екі некесі де сәтсіз болған тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында депутаттың бұл ұсынысын қатаң сынады.
“Ажырасқандарға салық салу…
Ардақ Назаровтың депутаттық сауалын тыңдадым. Несіне таң қаламыз?! Жалпы, қоғамда ажырасқандар туралы пікір осындай. “Кең дүниеге сыя алмаған жамандар,соңғы трендтерге ергендер…” Жалғызбасты әйелдің етегін не ел ашады, не жел ашады. Соны біле тұра өтірік “статусқа”, екі жүзді өмірге бара алмайтын өзім тәуекел еттім кезінде! Еш өкінбеймін. Иә, оңай емес! Ұл баланы жалғыз көтеру,әке де,шеше де болу. Бірақ екеуара “мұз” болған жерде балаға қандай махаббат бере аласыз Өтірік,екіжүзділік нормаға айналған жерде не жақсылық болады?! Ал физикалық қысым,күнде жанжал бар жерде ше?!
Назаров айтқан статистика шошытады. Одан да соның себебін зерттейтін уақыт келді дейік! Бір де бір адам ажырасамын деп қосылмайды! Әр түрлі жағдай, себеп бар. Тіпті бас жарылып,көз шықпай тұрғанда,өлімге дейін жеткізбей ажырасқан дұрыс дер едім. Саналы ата-ана баланы осы жағдайда да дұрыс өсірудің жолын табады. Оған тек тәрбие,мәдениет,түйсік жетсе,әрине!
Депутат келтірген деректегі 400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке отбасы институтын түбегейлі әлеуметтік зерттеуден,сараптаудан өткізу керек деген сөз. Соған қарай “Неке және отбасы” кодексін қайта қарау керек деген қызыл белгі бұл! Ал, ажырасқандарға салық салу керек дегені тіпті абсурд! Адамды еркінен тыс қасыңда ұстау,салыққа ұшыраймыз деп ажыраспау ма бұл?! Ақылға сыймайтын мәжбүрлеу ғой мынау! Адам құқығы қайда қалды сонда,депутат мырза? Отбасы интитутын дәл осындай радикалды формада “қорғамасаңыз” етті…”, — деп жазды ол.