Кең көлемді су тасқынынан кейін елімізде 20 су қоймасы салынатын болды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кең көлемді су тасқынынан кейін елімізде 20 су қоймасы салынатын болды

Кең көлемді су тасқынынан кейін елімізде 20 су қоймасы салынатын болды

Елдімекендерді су тасқынынан қорғау және тасқын суын жинау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі 20 су қоймасын салады. Жаңа су қоймалары 11 облыста салынады

  • 12 Сәуiр
  • 28
Сурет: gov.kz

Бұл туралы 11 сәуірде ОКҚ-да өткен брифинг барысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап

«Бес су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елдімекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елдімекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың гектар суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұжырымдамаға су тасқынының алдын алу және еріген қар суын жинап, оны одан әрі ауыл шаруашылығында және басқа да мақсаттарға пайдалану жөнінде іс-шаралар енгізіледі.

Сондай-ақ ол су қоймаларындағы қазіргі жағдайға да кеңінен тоқтала кетті:

  • Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі өтті, өңірдегі екі ірі су қоймасы 92% су жинады.
  • Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды. Су тасқыны жалғасып жатыр.
  • Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 70%-ға толды. Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 15-20 сәуірде келеді деп күтіліп отыр. Облыста министрліктің және облыс әкімдігінің мамандары бірлесіп су өткізуді реттеу бойынша жұмысты жалғастыруда.
  • Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көлемі 84,8%. Өңірде су тасқыны басталды, сондықтан Ертіс су қоймаларының каскады бойынша су жіберіліп жатыр.
  • Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99% су жинады. Өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті, бірақ Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып келеді. Сондықтан Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқыны қаупі бар. Министрлік, өңір әкімдігі және ТЖД қауіптің алдын алу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 97%-ға толды. Өңірдегі жағдай тұрақты.
  • Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Жағдай тұрақты.

Еліміздегі барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, министрлік мамандары тасқын суын апатсыз өткізу және оны жинау жұмыстарын қадағалау үшін өңірлерде жүргенін айта кету керек.

«Мысалы, «Қазсушар» басшылығы Атырау облысының су шаруашылығы құрылыстарын Жайық өзені арқылы келетін үлкен көлемдегі суды өткізуге дайындауға атсалысып жатыр», — деді ол.