Кен қопарып, мыс балқытқан өлкеде үлкен мереке - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 Кен қопарып, мыс балқытқан  өлкеде үлкен мереке

Кен қопарып, мыс балқытқан өлкеде үлкен мереке

Биыл Қарағанды облысы аумағында орналасқан курортты қала Балқаш шаhары тұрғындары үшін ерекше жыл. Өңір халқы алда келе жатқан ауқымды шараларға, дүбірлі думанға барынша дайындалуда. Былтыр ғана аймақ жұртшылығы қаланың 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Биыл да сондай мереке – Балқаш мыс қорыту зауытының 80 жылдығы.

  • 22 Маусым 2018
  • 393
Фото - Caravan.kz

«Қазақмыс» компаниясы құрамына кіретін аталмыш зауыт дәл қазір Балқаш қаласы тұрғындары үшін өмірдің өзегі іспетті. Себебі тұрғындардың басым көпшілігі үшін қызмет орны, табыс көзі, көнкөріс тірегі. Мұнда әрбір отбасының кемінде бір мүшесі жұмыс істейді немесе бір кездері аталған салаға араласқан. Сондықтан балқаштықтар үшін зауыттың тойы ортақ мереке.

— Балқаш зауытының арқасында тұрмысымды түзеп, тұрақты еңбекақымды алып жүрмін. Қазір міне қаланың мерекеге дайындығын аралап көріп, балаларыммен қыдырып жүрміз. Өйткені біздің зауыт Балқаш қала болып құрылған сәттен бері жұмыс істеп келеді, дейді қала тұрғыны Нұрлан есімді азамат.

Қаламен құрдас зауыт

Егер Балқаш қаласы 1937 жылы құрылған болса, бір жыл өтпей жатып, яғни 1938 жылдың 24 қарашасында алғашқы тазартылмаған мыс алынды.

Ал тарихқа жүгінсек Балқаш мысының тарихы ленинградтық геолог Михаил Русаков 1928 жылы Қоңыраттың қыраттарынан кеннің аса бай көздерін ашқан кезден басталды. Арада жыл өткеннен кейін жан — жақты барлау жүргізілді де, сонан соң Балқаш кен алыбын салу туралы шешім қабылданды. Үлкен кен орны бар екені 25 маусым 1929 жылы дәлелденді (Қоңырат руднигі ашылды). 1936 — 1937 жылы кен байыту фабрикасы іске қосылды. 1937 жылы 11 сәуірде Прибалхашстрой кенті, Қарағанды облысының құрамына кіретін қалаға айналдырылып, Балқаш көлінің атына сай атау берілді.

Мәліметтер бойынша бүгінде Балқаш қаласында 80 мыңға жуық адам тұрады. Оның үш жарым мыңнан астамы «Kazakhmys     Smelting» ЖШС-да еңбек етеді. Сарыарқаның төсінде жатқан елдімекендер үшін темір балқытып отырған мекеменің орны ерекше. Оның еліміздегі ең ауқымды компаниялардың бірі екені көпшлікке аян.

— Қарағанды облысында «Қазақмыс» пен «Арселор Миттал» компанияларының негізгі донор болып табылатыны баршаға мәлім. Ал «Қазақмыстың» біздің қаланың табысына қосып отырған үлесі ерекше, — дейді Балқаш қаласының әкімі Александр АГЛИУЛИН

Қала әкімнің айтуынша, салықтан жылына жалпы 22 миллиард теңге түседі. Оның 2 миллиарды қалада қалады. Трансфер арқылы 5 млрд. теңге келеді. Қаланың жылдық бюджеті 9 млрд. теңгені құрайды. Оның кемінде тең жартысы «Қазақмыстың» үлесі екен.

Шаhар әкімі Александр АГЛИУЛИННІҢ пайымдауынша, жергілікті қазынаның 55 пайызы әлеуметтік қажеттілікке жұмсалады. Яғни жалақы, әлеуметтік осал топтарға берілетін түрлі жәрдемақылар мен төлемдер. Қалған 45 пайызы қаланың дамуына, көшелер, аулалар мен парктерді абаттандыруға, инженерлік жүйелерді ауыстыруға жұмсалады.

Өндірістегі өзгерістер

Бүгінде «Kazakhmys Smelting» өзінің даму стратегиясын толық қайтадан жазып шықты. Компания басшыларының айтуынша, нақты әрі сенімді бағыт ұстанған. Қазір өте салмақты әрі ауқымды модернизациялау бағдарламасы бекіттілген. Айта кету керек бұл жағдай Үкімет талап етіп отырған цифрландыру талабына сай келеді.

— «Kazakhmys Smelting» бұл бір ғана Балқаш зауыты емес. Жезқазған зауытымен екеуі екі түрлі технология бойынша жұмыс істейді. Екеуі де бірегей технология. Екеуі 5 мыңнан аса адамға жұмыс орнын беріп отыр. Біздің кәсіпорындар жылына 300 мың тонна мыс өндіруде. Бүгінде Балқашта «Жасару» бағдарламасы қолға алынған. Аталған бағдарлама 3 жылға есептелген. 2021 жылға қарай әлдеқайда жоғары деңгейге шығуды жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыс кешенді түрде жүргізледі. Ондағы Ванюков пештері заманға сай жаңартылатын болады. Жаңа технология енгіземіз. Автоматтандыру жүйесіне көшеміз. Өндірістік қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөлеміз, — деді «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Әділет БАРМЕНҚҰЛОВ.

Қолға алынған жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. Алдағы 3 жылда экологиялық қауіпсіздік мәселесіне қатысты көптеген жұмыстарды аяқтау көзделіп, тың бағдарлама енгізілген. Ол бойынша жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысын бастау көзделген.

Бас директордың айтуынша, Жезқазған мен Балқашта диоксид күкірті бойынша зиянды қалдық бір жарым есеге төмендеген. Жалпы алғанда Балқашта залалды қалдық бөлу төмендеп келеді.


— Жалпы біз экологияға қатысты ауқымды бағдарлама атқарудамыз. Барлығы арнайы бағдарламаға енген. Ол 3 жылда шешілетін болады. Өте көлемді инвестиция қарастырылған. Оны біз 3 жылға бөлдік. Осылайша өндірісті арттырамыз және экологияны ретке келтіреміз, деді «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры .

«Қазақмыс» кәсіпорынының салмағын, өңірге, қала халқына тигізіп отырған көмегін қала әкімінен бөлек тұрғындар да бірауыздан мойындап отыр. Ал зауыттың жұмысшылары комбинаттың бұрнағы жылдармен салыстырғанда көп өзгеріске түскенін айтады.

— Жас ұрпақ үшін болашағы бар. Мысалы, мендегі цехта жұмысшылардың орташа жасы 34 жас. Яғни бас инженер, бас техник, мастерлар мен басшылар., — дейді шихта дайындау цехының бастығы Жанат ИМАНБЕКОВ.

Ал басшылық құрам бүгінде толық тұрақты, ұтқыр және қызықты. Зауыт директорлары – іскер, білікті, жас мамандар. Олардың орташа жасы 32-35-ті құрайды.

Жұмысы ауыр зауытта ерлермен қатар нәзік жандардың да қызмет ететінін ұмытпау керек.

Шихта үгіту учаскесінің мастеры Қарлығаш ЛЕБАЕВА әйелдерге де барынша жағдай жасалғанын айтады. Тіпті мұнда жұмыс істеу қиындық туғызбайды дейді.

— Біз зауытта әйелдер қауымы көп үйренеміз. Бізді дайындайды. Біз өсіп, дамып жатырмыз. Сондықтан қиын деп айта алмаймын. Қазір бізді көп үйретеді. Сол себепті бұрынғыдай емес, аздап жеңіл.

Тарих пен дерек

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Балқаштың металлургтері, байытушылары, таукеншілері майданға кетіп, олардың цех пен кендердегі орнын әйелдер алған. Егер соғысқа дейін зауытта 600 әйел жұмыс істеген болса, соғыстың бірінші жылында олардың саны 2453-ке дейін өсті.

Бүгінгі жағдай

Дәл қазіргі кезде зауыттағы үш жарым мыңға жуық жұмыскердің 20 пайызы әйелдер. Зауытта талай жыл жұмыс істеген тәжірибелі жұмысшылар қызметте биік мансаптарға жетуге мүмкіндік барын айтады. Мысалы Қарлығаш 20 жыл технолог болып жұмыс істеген:

— Мен 20 жыл технолог болып жұмыс істедім. Сосын мені басшылар мастер дәрежесіне көтерді. Әрине бәрі осымен шектелген жоқ. Оқу, жұмыс басталды. Негізі зауытта көңілге ыстық тиетін еске алатын жағымды жағдайлар көп. Басшылық бізді үнемі қолдап отырады. Металлургтер күніне орай балалар байқауын ұйымдастыруда. Мен өзім де ондай байқауларға қатысамын. Қазір КВН командасының капитанымын.

Ал ең күрделі әрі ыстық цех – мыс электролизінің бастығы Дархан ЖҰМАБАЕВ жастар арасында зауытта жұмыс істеу абыройлы қызмет болып саналатынынайтады:

— Бізде үнемі ыстық әрі қиын. Бірақ, соған қарамастан ылғи да жан-тәнімізбен жұмыс істейміз. Бұл жерде тәжірибе мен білім болмайынша қиын болады. Дегенмен, біздің ардагерлер жастарға өмірден түйгендерін, білгендерін айтып, бөлісіп отырады.

 

Зауыт ұжымы үнемі жастармен толығып отырады. Болашағы бар, бастамашы топпен жұмыс істеу де оңай әрі қызықты. Жалпы кез келген қызметкерді ынталандыру жолында екі түрлі бағыт бар. Бірі жалақы, екіншісі қолайлы жағдай жасау.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директорының айтуынша, екінші бағытқа ерекше мән берілген:

— Бізде СМС хат жазу арқылы кеңес беру үрдісі енгізілген. Кез келген жұмысшы қысқа нөмір арқылы өз ойын, мазалап жүрген сауалдарын, тіпті кеңестерін маған жазып жібере алады. Отбасы құндылығын насихаттаймыз. Әңгімелер, сценарий жазамыз, клип түсіреміз. Негізгі екпін тұрмыстағы қауіпсіздікті сақтауға берілді. Және оң нәтижесін көріп отырмыз.

Ұққанымыз өз үйінде тәртіп бар адам, өндірісте де тәртіпті екен. Ал зауыттағы тәртіп ол қауіпсіздік кепілі.

Темірді қамырша илеген металлургтер өмірге құштар. Олар қарапайым. Ыстық оттың жанында тер төгіп, ең ауыр еңбекте шыныққан балқаштықтар жарқын болашққа да сеніммен қарайды.