Жарияланды: 780

Кеңқияқтағы атыс кезінде жарақаттанған полицейдің жағдайы ауыр

Кеңқияқ кентінде аулаларды аралап тексеру барысында жұлыны мен миынан жарақаттанған полиция сержанты Тұрарбек Ешпағанбетов облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде қалып отыр, деп облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Саубет Келімбердиев мәлім етті.

Бас дәрігердің айтуынша, қызметкер елеулі жарақат алды. Оның жағдайы ауыр халде. Үйлерді тазалау барысында иығынан бытырадан жарақат алған ішкі істер әскерлерінің жауынгері Сейтжан Қалжанов палатада ем қабылдап жатыр. 4 шілдеде Шұбаркөлде жарақаттанған арнайы жасақ жауынгерінің жағдайы тұрақты. «Олар апта соңына қарай ауруханадан шығарылар», - деді С. Келімбердиев. Бұрын хабарланғандай, 8 шілдеде полицейлерді өлтірген деп күдіктелгендерді одан ары іздестіру барысында ҚР ІІМ «Сұңқар» және «Бүркіт» арнайы жасақтары Кеңқияқ кентін аула бойына тінтіп шыққан. «20 сағат 45 минутта Нефтянников көшесіндегі №2 үйден полицейлерге оқ атыла бастады. Соның салдарынан арнайы жасақ жауынгері полиция майоры Айболат Иманбаев оқтан сол жерде көз жұмды», - деді А. Иманғалиев. Одан басқа Кеңқият кентіндегі автопатрульдің үйден 50 метр жерде тұрған көлігі атқыланды. Содан полиция сержанты Тұрарбек Ешпағанбетов оқтан жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді. Полицейлер жақын маңдағы үйлердегі тұрғындарды эвакуациялады. Беріліңдер деген ұсынысқа күдіктілер оқ жаудырып жауап берді. Түнге дейін ұрыс жалғасты. Кейін осы баспана мен жақын маң толығымен ІІМ арнайы жасағымен қоршалып, таң ата баспанаға шабуыл басталды да, ол күндізгі сағат 12-де аяқталды. Операция барысында қарулы қарсылық танытқан 9 адам өлтірілді. Олардың арасында бұрын іздеу жарияланған 6 адам болды. Үйді тінту барысында ішкі әскерлер жауынгері Сейтжан Қалжанов бытырадан жарақаттанды. Бұрын хабарланғандай, еліміздің бірнеше өңірінде Ақтөбе облысында полицейлерді өлтірген күдіктілерді іздестіруде. ІІМ мәліметтерінше, олардың мекен етерлік жерлерін ІІМ арнайы жасақтары тінтіп жатыр. Шұбаршы, Кеңқияқ, Соркөл және Құмсай кенттерін тінту барысында олардан бірнеше тегіс стволды және иір ойықты мылтық алынды. Еске салсақ, 30 маусымда Темір АІІБ Кеңқияқ кентіндегі полиция бөлімінің патрульдік қызметіндегі полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев атып өлтірілді. Қарулы адамдар Шұбаршы кентіндегі Ақылбек Мәмбетов деген азаматтың Mitsubishi Delica автокөлігімен келіп, полицейлердің патрульдік көлігіне шабуыл жасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін