Т.Таллоның айтуынша, 4-мамырда өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаменті төрағасының орынбасары Ержан Қалқабаевтың жасаған мәлімдемесі «Әсем» компаниясының іскерлік беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Кәсіпорын жетекшілерінің мәлімдеуінше, соның салдарынан «компания мен оның әріптестері, соның ішінде шетелдік әріптестері арасында проблемалар туындай бастаған».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 4-мамырда өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаменті төрағасының орынбасары Ержан Қалқабаев «Әсем» компаниясының жетекшілерін қаржылық қитұрқылықтарға қатысы бар күдіктілер деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, «Әсем» ЖШС үш жыл ішінде 250 млн. доллардың салығынан жалтарып келген. Ал ЖШС жетекшісі Талғат Қожахметов құқық қорғаушылардан қашып құтылды.
Сонымен бірге Е.Қалқабаев «Әсем» ЖШС-нен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен шұғылданған бірқатар жалған фирмалардың жетекшісі Аркадий Осипов есімді азаматтың қамауға алынғанын хабарлаған. Тұтқындау сәтінде одан 100 мың АҚШ доллары мен 70 мың теңге көлемінде ақша тәркіленсе, оның үйіндегі тінту кезінде тағы 90 мың АҚШ доллары мен 2 млн. теңге, сондай-ақ, «Глория коммерц» , «Корпорация Саналюкс», «Алькор» сияқты жалған фирмалардың, сондай-ақ, «Әсем» ЖШС-нің құрылтайшылық, бухгалтерлік, банк және басқа да есеп құжаттары мен мөрлері, нотариустардың мөр-таңбалары табылған. Сонымен бірге тіркеуде жоқ ТТ маркалы тапанша мен 36 оқ табылды.
Т.Таллоның айтуынша, А.Осиповтан тәркіленген қаруды компанияның іс-қызметімен байланыстырмақ болу арқылы «қаржы полициясы тым алысқа сермеп отыр». «А.Осиповтың «Әсем» ЖШС-іне еш қатысы жоқ. Компания клиенттерінің арасында мұндай есім жоқ»,- деді заңгер. ЖШС басшылығының пікірінше, «қаржы полициясы «Әсем» компаниясын экстремизммен байланыстырып, өздеріне қарасты және басқа да БАҚ-тар арқылы «Әсем» ЖШС-нің саясатқа қатысы бар екенін ұдайы тұспалдамақ болып отыр».
«Фирма да, оның басшылығы да саясатқа ешқашан араласқан емес, ешбір саяси партияға қандай түрде де қолдау көрсетіп көрген жоқ»,- деді Т.Талло.
Оның айтуынша, «қазір «Әсем» ЖШС-нің жетекшісі Т.Қожахметов Қазақстан аумағында қызмет бабындағы іссапарда жүр».