Caravan.kz медиа-порталы сондай өмірден алынған әңгімелерді жариялау дәстүрін жалғастырады. Жанайқайын жеткізген ананың мына жазбасы Instagram-дағы ushbu_hat парақшасынан алынып отыр.
"Осы келінімді түсіргеніме үш жыл болды. Келгелі бері не тамақ істей алмайды, не үй жинай алмайды. Ұлымның таңдауы ғой деп, бәріне көз жұма қарадым. Жаманын жасырып, жақсысын асырып жүрдім. Маған енді біреу жақсысын бере ме, үйреніп кетер деп ойладым. Екі немере қызым бар. Алтындай жандарым.
Осы келінім былтыр жазда "еншімді бер" деп қылық шығарған. Енді биыл әкесі мен шешесі мен жоқта алып кетіпті. Үлкен немеремді жеті айлығынан бауырыма басып қарадым. Екіншісі үш айлық болғанда, тағы "жұмысқа шығамын" деп қиғылық салды. "Жарайды" деп, бір жарым жастағы қыз бен шала туылған үш айлық қызды ауыртпай қарадым. Дәрігерге де өзім апарамын. Үйді де жинаймын, кірді де жуамын. Олар келгенше тамақ та пісіріп қоямын. Таңғы тоғызда кетіп, кешкі сегізде келеді. "Қойшы, қарасам, өз немерелерім ғой, басып жерге тиген жоқ" деп, бәрін істедім.
Жаңа жылда, 8 наурызда "Мама, мерекеңмен" деп бір гүл де сыйламады. Кешегі ұрыс менің туған күніме екі күн қалғанда шықты. "Төркініме барамын" деді. "Қызды ал да, бара бер" дедім. Ішімнен: "Мама, сіздің туған күніңіз ғой. Қыздарыңыз, құдаларыңыз келеді. Мен қайда барамын?" деген сөзді күтіп едім. Бүгін "сотқа арыз жаздым, ажырасамын" деп телефон соқты. Енді осылай ұрмай-соқпай, "енші бермесең, ажырасамын" деп отыр.
Баланы оқытып, ақшамен жұмысқа тұрғызып, қарызға батып қалған едік. Ұлым да: "Мама, қарыздан құтылып, інімді үйлендіріп, сосын барып енші аламын" деп отыр.
Менің бар ойлайтыным — екі қызы. Оларға дұрыс та қарай алмайды. Сосын, әкесі тірі жүріп, жетімнің күйін кешуі керек пе? Айтсам, құдам да, құдағиым да түсінбейді.
Ал келіннің жаны қиналатын түгі жоқ. Қалада тұрамыз. Ас-ауқаттан қиналған емеспіз. Киімнен де тарыққан жоқ.
Айтыңыздаршы, не істесем болады? Немерелерімді жетім еткім келмейді. Балама "еншіңді ала ғой" десем, "қатынсыз қалсам да, сізді қиыншылықта тастамаймын" деп отыр".