Осы орайда Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы өзінің бұл тұрғыда қаржыгер ретінде жеке пікірін жеткізгенін, ендігі жерде вице-премьер ретінде ұлттық валютаның бағамына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамайтынын атап көрсетті.
Г.Марченконың айтуынша, өткен жылда теңгенің АҚШ валютасына қатысты номиналдық нығаюы 8 процентті құраған, ал теңгенің нақты нығаюы рекордты көрсеткішке жетіп 13 процент болды. «Қазіргі тарихи кезеңде АҚШ доллары әлсіз валютаға айналды»,- деп пайымдайды Г.Марченко. Дегенмен 2003-жылы ресей рублі мен евроға шаққанда теңгенің нақты құнсыздану деңгейі тиісінше 5 және 7 процентті құрады.
«Еліміз үшін маңызды болып саналатын басқа елдердің ұлттық валюталары осындағыдан да тез қарқынмен нығайды. Біздің елде қазіргі қалыптасқан ахуалды бірегей деп атауға келмейді»,- деді Г.Марченко. Мәселен, долларға шаққанда ресей рублі 20 процентке, ал евро 18 процентке нығайған.
Осыған байланысты Ұлттық банктің бұрынғы төрағасының хабарлауынша, тұтастай алғанда 2003-жылы теңгенің нақты тиімді айырбас бағамы Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің валютасы қоржынына шаққанда «іс жүзінде тұрақты болды». «Бұл еліміз экономикасының бәсекелестік қабілетін сақтап қалуға жағдай жасайды»,- деді ол.