Жарияланды: 490

Кешегі күнге дейін Ұлттық банкті басқарған ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары теңгенің нығаю ағымы сақталады деген болжам айтады

"Мейлі, қандай орынтақта отырсам да, менің пікірімше, макроэкономикалық және қаржылық секторда жүзеге асырылған реформалар мен Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бағасына қатысты сыртқы нарықта қалыптасқан ахуал теңгенің нығаю ағымы одан әрі жалғасады деген болжам айтуға мүмкіндік береді",- деді ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары Григорий Марченко бүгін өткізілген баспасөз мәслихатында. Ол бұл лауазымға Елбасының жарлығымен

6-қаңтарда тағайындалғаны белгілі. Осы орайда Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы өзінің бұл тұрғыда қаржыгер ретінде жеке пікірін жеткізгенін, ендігі жерде вице-премьер ретінде ұлттық валютаның бағамына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамайтынын атап көрсетті. Г.Марченконың айтуынша, өткен жылда теңгенің АҚШ валютасына қатысты номиналдық нығаюы 8 процентті құраған, ал теңгенің нақты нығаюы рекордты көрсеткішке жетіп 13 процент болды. "Қазіргі тарихи кезеңде АҚШ доллары әлсіз валютаға айналды",- деп пайымдайды Г.Марченко. Дегенмен 2003-жылы ресей рублі мен евроға шаққанда теңгенің нақты құнсыздану деңгейі тиісінше 5 және 7 процентті құрады. "Еліміз үшін маңызды болып саналатын басқа елдердің ұлттық валюталары осындағыдан да тез қарқынмен нығайды. Біздің елде қазіргі қалыптасқан ахуалды бірегей деп атауға келмейді",- деді Г.Марченко. Мәселен, долларға шаққанда ресей рублі 20 процентке, ал евро 18 процентке нығайған. Осыған байланысты Ұлттық банктің бұрынғы төрағасының хабарлауынша, тұтастай алғанда 2003-жылы теңгенің нақты тиімді айырбас бағамы Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің валютасы қоржынына шаққанда "іс жүзінде тұрақты болды". "Бұл еліміз экономикасының бәсекелестік қабілетін сақтап қалуға жағдай жасайды",- деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін