Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласындағы негізгі қағидалар мен тәсілдерді Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында атап көрсетіп, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді халықаралық аренада ілгерілету мәселелері ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі бағыттарының қатарына жататынын айтқан.
Осы орайда Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қызылорда қаласы 66597 әскери бөлімінің барлау жауынгерлік ротасының бөлімше командирі, Дәурен Ерханұлымен әңгімелесіп, қазақ армиясының бүгінгі хал-ахуалын біліп көрген еді. .
— Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 31 жыл. Өткен жылдарға көз жүгіртіп, осы уақыт аралығындағы жеңістер мен жеңілістерді еске түсіріп, қандай атаулы оқиғаларға тоқталар едіңіз?
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі маңызды қадамдардың бірі дербес қарулы күшімізді құру болды. Алғашқыда қорғаныс комитеті болып құрылған ұйым бір жылдан кейін қорғаныс министрлігі болды. Ол кезде еліміздің шекарасы дұрыс айқындалмаған, ішкі әскери округтерге толық бөлінбеген еді. Сондықтан тұтас армияның жаңадан құрылып, аяққа тұрып, қалыптасуына 31 жыл аса көп уақыт емес. Алайда, осы жылдар ішінде түрлі әскери реформалардың арқасында ішінде қарулы күштердің жеңісі көп дер едім. Атап айтсақ, әскери маман ретіндегі дайындығымыздың деңгейі артты, әскери қуаты артып, әлемдік аренада жоғарылай түсті жаңаша жабдықталған қарулы құрылымдар мен елдің қорғаныс қабілеті қалыптасты, техникалар жаңарды . Ең бастысы әскери кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесі құрылды. Осындай тарихи жеңістердің нәтижесінде біз кез келген қарулы қақтығыстарды шешуге арналған жауынгерлік мүмкіндігіміз бар деп айта аламыз.
— Қазақ әскерінің бүгінгі ахуалын қалай бағалар едіңіз. Жалпы армияның күштілігін қандай талаптар бойынша өлшейді?
Армияның күштілігі қаншалықты заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етілгендігімен өлшенеді. Қазіргі таңда қазақ әскері заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталып жатыр. Сондықтан қазақ әскерінің ахуалы жоғары деңгейде. Өзім қызмет ететін құрлық әскері де жоғары дәлдіктегі қарумен, байланыс, барлау және атоматтандырылған басқару жүйелерінің заманауи үлгілерімен жабдықталған. Атап айтқанда электронды барлау және күрес жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, жанар-жағар май жеткізу құралдары, далалық госпитальдармен жабдықталған.
— Әскери қызметке жастардың ынтасы қандай? Олардың бұл салаға құштарлығын арттыру үшін не істеуіміз керек?
Әскери қызметке жастардың қызығушылықтары жақсы. Олардың бұл салаға деген сол қызығушылықтарын одан әрі жақсарту үшін балаларды балабақшадан бастап патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу керек. Ерлікке, патриоттыққа баулитын ойындарды ойнату керек. Одан кейін мектеп қабырғасында осы салада жетістікке жеткен қызметкерлермен кездесулер ұйымдастырып, оларды бұл мамандықпен етене таныстыру қажет. Бізде осы әскери адамдарды насихаттау, көпшілікке таныту жағы аздап ақсап тұр.
— Өзіңіз басқаратын бөлімшенің қызметіне тоқталсаңыз.
Біз тұрақты түрде жауынгерлік машығымызды жетілдіруге арналған түрлі тактикалық, бірнеше кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Ондай жаттығу жұмыстары біздің теориялық білімімізді шыңдауға, жаңадан қосылған жауынгерлермен тәжірибе алмасуға, жауынгерлік міндетімізді сапалы орындауға ықпал етеді. Бөлімше қызметкерлері облыстық деңгейдегі спорттық шараларға да белсене қатысады. 2023 жылы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық ұлттық ойындар жарысынан барлау жауынгерлік ротасы арқан тарту мен қол күрестен 1 орын алды.
— Әскер мықты болу үшін мықты идеология керек деген сөз бар. Бүгінгі қазақ әскерінің идеологиясы қандай?
Әскердің мықты болуы техниканың күшіне ғана емес, сарбаздардың рухы мен патриоттығына да тікелей байланысты. Себебі, ішкі рухы мен жігері мықты, елінің әр тасын қадірлейтін азамат ғана Отанын қорғай алады. Биік рух пен патриоттық сезім бар жерде ғана жеңіс болады. Сондықтан сарбаздарды даярлағанда олардың кәсіби білімі мен физикалық күшінен бөлек, идеологиялық тәрбиелеу күштеріне де көп көңіл бөлінеді. Отансүйгіштікке баулу бір күндік әрекет емес, жылдар бойы үздіксіз мемлекеттік деңгейдегі түрлі қолдаулармен келетін дүние. Қорыта айтқанда бүгінгі қазақ әскері идеологиясының негізі — әскерді үздіксіз ұлттық рух пен патриоттық сезімін жоғарылата отырып тәрбиелеу деп ойлаймын.
— Мықты армияның негізі кәсіби әскери маман екені айтпасақ та түсінікті. Осы ретте болашақ әскери қызметкерлерді даярлауда нені ескеру керек?
Жоғарыда айтып өткенімдей, кәсіби міндеттен бөлек, тәрбие идеологиялық бағдарламаларды да ескеру керек. Осы салада білім алып немесе қызмет етіп жатқан әр адам Отан қорғауды өзінің ұлы мақсаты ретінде қабылдауы керек. Сонымен қатар, білім алушыларды ғана емес, жұмыс істеп жүрген кәсіби мамандарды да АҚШ, Оңтүстік Корея секілді армиясы мықты елдерге білім алып, тәжірибе алмасуға жіберіп тұру керек.
— Жеке өзіңізге тоқталсақ, әскери қызметкер болу темірдей тәртіп пен тұрақтылықты, тынымсыз еңбек пен болаттай берік ерік-жігерді талап етеді. Осындай жүгі мен жауапкершілігі ауыр саланы таңдауыңызға не себеп болды?
Иә, дұрыс айтасыз әскери сала тұрақтылықты, тәртіпті қажет етеді. Шыдамдылығың мен қайсарлығыңды шыңдайтын бұл мамандықты мен бала күнімнен армандадым. Кішкентай кезімнен әскери маман болғым келетін. Отбасымды, елімді қорғаймын деп айтатынмын. Есейе келе Отан қорғау әрбір ер азаматтың міндеті деп есептедім. Осы сала бойынша білім алып, міне еліміздің Қарулы Күштеріне адал қызмет жатқаныма 11 жылдан асты. Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керек дейді ғой, мен өзім қателеспедім деп толық айта аламын.
Әңгімеңізге рақмет!