Бұл туралы Abai.kz. жазды.
Бұл жазба аты-жөні жазылмаған орыс офицерінің күнделігінен үзінді деп 1846 жылы «Журнал для чтения воспитанникам военно-учебных заведениий. Киргизские степи Том № 243-244» басылымында жарияланыпты. Менімше бұрын жарық көрмеген сияқты. Назарларыңызға ұсынамын.. Соңында өз ойларымды беріп отырмын депт автор Сағат Жүсіп.
« …Біз ауылда болған кезімізде өз халқының ішінде ерекшелігімен танылатын бір Қазақты көрдік. Ол қасында екі жолдасымен үйге кірді, біздің әдетіміз бойынша қоятын «кімсің?» деген сұрағымызға «өзім жайлы біліп алғанша атымды сұрама» деп жауап берді. Мұндай құпиялық бізге ұнамады әрине, бірақ қу Қазақ майда-шүйда әңгімені айта отырып, аз ғана уақыт ішінде өзінің ақылы мен қызыл тіл шеберлігін танытты. Азиялықтардың осы бір табиғат берген тіл дарынын таныта білді, сөз арасында дәлел ретінде Құранның сөздерін түпнұсқадан келтіре біледі, ол сөздерді Бұхара мен Самарқанның медреселерінде айтылатын жауыр болған жаттанды сөздермен, суфизмнің ілімдерімен емес, өзінің жеке танымдық және білімдік ой-толғамдарымен, оны терең түсіне білуімен айта біледі, сөз арасында Орынбор мен Петербургтегі кейбір үкімет адамдарының да аттарын атап өтті; басқару жағында қандай өзгерістер бар деген сұрақтарды қойып, біздің қызығушылығымызды қоздыра білді. Әңгіме біздің жағдайымызға көшуі тиіс болатын, бұл тақырыпқа ерекше ақыр замандық жағдай үйілуі тиіс еді, бірақ Жасағанның құдіреті күшті ғой, сіздерден бір ғана өтінерім бар: — Қайда барсаңдар да, не істесеңдер де, мені тастап кетпеңдерші, өздеріңе қосып алыңдар, жанымды жандарыңа қосыңдар, сендермен бірге алға да, артқа да барамын, мені қандай бір болмасын қауіп-қатер болса да, мені сіздермен бірдей қауіп-қатер күтіп отыр, осында қаламын, сіздермен бірге басымды пышаққа тосамын; мейлі бір өзімді «отрядқа» жіберіңдер, мейлі Орынборға жібер, барамын, не болса да басыммен бәрін көтеремін».
— Азиялықтардың әрбір сөзі мен іс-әрекеттерінен алдау мен пайдакүнемдікті көп көрген адаммын, өз атын жасырып отырған адамға сенбеймін, — дедім.
— Мен өз атымды айтуға ұялып отырмын, — деді ол; — бірақ айтайын, мені осы жерден ит сияқты қуып жіберсеңдер де.
— Бір минутта дос болып, біздің дұшпандарымызға күшпен қосылып кетерсің, шақырылмай келген қонақ болу саған өте қымбатқа түсуі мүмкін, — дедім оның таусылмайтын метафоралар мен шегініс сөздеріне мезі болып.
— Маған тағы бір жаңа күнә артпаңдар: бұрынғы күнәларым үшін тартқан азабым жеткілікті. Мен далада бірнеше жыл бойы кезіп жүрмін. Отаным жоқ, баспанам жоқ, әркімнің тастаған бір түйір нанын жеп жүрегімді жалғап, отбасымнан жырақта жүрмін. Мен Махамбет Өтемісовпін (Мугамет Евтемишев делінген орыс авторының түпнұсқасында, С. Ж.).
Махамбет Өтемісов, ішкі Бөкей ордасынан шыққан, Жәңгір ханның аға кеңесшісі болған, ханның үйінде, ордасында ешкімге есеп бермейтін жарлық берушісі және ханның өзіне жақын досы болған. — Оның сатқындыққа не себеппен барғаны жайлы мәселенің төркініне үңілгім жоқ. Жәңгір ханның хан болуға тырысқан інісі Қайыпқалидың (племянник делінген, С. Ж.) ұйымдастырған бүлігіне кірісіп кеткен Махамбет көп ұзамай бүліктің жетекшісі және бас қозғаушысы болады; бүлікті көп ұзамай Орыстың отряды басады, Қайыпқали ұсталады, ал Махамбет қашып құтылады. Көп уақыттан соң Қайыпқали қашады, оның көмегімен Орынбордың түрмесінен қашқан сол кездегі атақты батыр Исатайдың тобына Махамбет келіп қосылады. Ерекше батырлығымен, тонау, шабумен аты шыққан Исатайдың жақын досы, жол көрсетушісі болады. Исатайдың орыс шекарасында жасаған іс-қимылдарына орыс үкіметінің шыдамы таусылады. Далаға отряд жіберіледі. Қуып жетеді, бірақ дұрысы, күтпеген жерден Исатайдың тобымен кездеседі, артиллериядан бірнеше дүркін атылған оқтан кейін қазақтар кейін шегінеді. Көп ұзамай біздің отряд алғашқы сасып қалған жағдайын түзеп, қазақтардың тәртібі жоқ тобырына шабуыл жасап, аман қалғандарын жояды. Исатай көпке дейін қашқан достарын қорған етіп жүрді, бір топтан екіншісіне ауысып, орыстарға оқ атуын көпке дейін тоқтатпады. Ол өзінің атына ерекше сенген болатын, бірақ оның семіріп қызыл май болған аты тез болдырып қалды; сол кезде Махамбет оның атын жүгенінен ұстап шаба жөнеледі, бұл арада казактар Исатайды танып қойып оған оқты жаудырады: бірақ оған оқ дарымайды, сонда ғана біздің адамдар Исатайдың сауыт киіп алғанын байқайды да атын көздеп ата бастайды, көп ұзамай атын құлатып атымен бірге Исатай да құлайды. Өтемісов оны көтеріп өз атына салуға соңғы әрекетін жасайды, бірақ кеш еді, шауып келген казактар Исатайды қылышпен кескілеп өлтіреді. Махамбет бұл жолы да құтылып кетеді.
Жалпылама сөздермен Өтемісовке үкіметке оның өкініш білдірген сөздерін жеткізетінімді, өз атымнан өтініш жасайтынымды да айттым, бірақ қызметінен бас тарттым.
— Сіз маған жұмақтың есігін аштыңыз, бірақ табалдырықтан қайтарып отырсыз, — деді күмәнді кейіппен басын шайқап. Білемін, сіздің үкімет мені кешіреді, орыстардың немесе Ресейдің алдында қылмысымды қызметіммен жусам ғана кешіретіндеріңізді білемін. Менің шын пейіліммен ақталып отырғаныма сене ме, сіз оған сенбей отырсыз ғой, ал егер сенген күнде сол үшін маған төлем қайтара ма, маған отанымды қайтарып бере ме. Менің бар үмітім сізде болған еді! Көз алдыма Еділдің жайнаған жағалауы, үйім, әйелім мен балаларым көз алдыма көрінді: барлығы қасыма жиналып тұрғандай болды… Махамбет ерекше шабытпен айта бастады, көзін жұмып, демін алмай сөйлеп жатты..
Әңгімені басқа жаққа бұру үшін Қазаққа бұрылып, шынымен барлық жан-тәніңмен отаныңа оралғың келе ме деп сұрадым. Ол үндемеді; үңіліп қарадым, жанып жатқан отынның әлсіз жарығынан тамшылап аққан ірі көз жасын аңғардым. — Құдайым-ау, шынымен бе, әлде жәдігөйлікпен жылап отыр ма! Шынайы, көңілінің түкпірінен шыққан сезім бе? Күмән көңілімді толқытып жатты. Менің ойымды түсінгендей болған Махамбет: — Сіз менен пышақтан қорыққандай қорқып отырсыз: иә, мен пышақпын, бірақ екі жүзі де өткір пышақ емеспін, мені кім жақсы пайдалана алады, соның қолында пайдалымын.
Оны өкініштің құрбаны етіп қалдыра алмадым, егер ол шын мәнінде өкініп отырса, оны қабылдамау маған күнә. Бірақ оған сеніп жол бастаушы етіп алу, еш ақылға сыймайды. Нақты жауап беруім қажет. Кешкі сағат 10-а кел, керуендегілер біздің жиі кездесулерімізді білмесін деп ескерттім. «Бір өзім келейін бе, әлде жолдастарыммен бе» деген сұрағына «жалғыз кел» дедім.
Жолға шығатын түн де түсті. Ештеңе көрінбейтін қап-қараңғы, боранды түн: жолымызға оңтайлы болып тұр, бірақ жол бастаушы әлі келмей жатыр.
Махамбеттің келгенін бізді күзеткен қазақтар біліп қойыпты, бірақ бұл жағдай олардың күдігін тудырған жоқ, себебі Махамбет Ресейге қарсы жасаған қылмыстарымен әйгілі болатын.
Аттар үйлердің қасындағы қазыққа байлаулы тұратын, бұл жағдай ешкімнің күдігін тудырмауы тиіс; казактардың қостары төбенің етегінде орналасқан, олар от жақпайды, жаққан күнде қостың төбесінен шыққан оттың сәулесі бізді көрсетіп қоюы мүмкін: бір ғана жағдай мазамызды алады, Арыстан мен Есет батырдың керуенде түнеуі, Махамбет пен Есет батырдың (Көтібаровты айтып отыр, С. Ж.) достық жағдайда болғаны да бізге белгілі болатын. Бұл жағдай кездейсоқтық болар, бірақ ешкімге сенбей үйренген көңілімізге күмән тудырды.
Уақыт өтіп жатты; шыдамсыздығымыз тасуда, әрбір минут сағаттай болып көрінеді. Жүрген аттың дыбысы естіле ме деп қайта-қайта қостан шыға береміз; жол бастаушылар жоқ, тек анда-санда керуеннің күзетшілерінің бір-біріне айтқан «караб-утырь» деген сөздері керуеннің шет жақтарынан, кейбір жерден тойлап жатқандардың дауыстары естіледі. Сен түн ішінде ешқайда бармайсың, бізбен бірге қон дедім Махамбетке. Осы жерде алғаш рет көңіліме оған деген бір күдік пайда болды. Ол біздің Мәмбетті отрядқа жұмсағанымызды біледі, біздің шыдамсыздығымызды байқап отыр, орыстың отрядын шақырып ұстап берер деп ойлап отырған болар. Егер ойыңа жаман ой келген болса, дұғаңды оқып, мына оқталған пистолеттерді алып арамызға жатып ұйықта, Өтемісов тынышталды.
Түн ортасы болған кез; бір кезде киіздің бір шеті қозғалып көтерілді, ар жағынан құпия бір Қазақтың беті көрінді, жан-жағына қарайды: бұл Отарәлінің баласы Нияз еді, біздің жол бастаушымыз! Сол сәтте бәрі дайын болды. Керуенбасы мен елшіге кетіп бара жатқанымызды айту және кейбір заттарды тапсыру ғана қалды. Ол заттардың бізге жетеріне күмәніміз көп болса да, бұл шара өте қажет еді, күтпеген жерден кетіп бара жатқанымызды білдіру үшін қажет еді. Бұхараның елшісі біздің батылдығымызды қолдады, бірақ біз үшін өте қорқатынын, отрядын қорғау үшін біздің үкіметіміз отряд жіберсін деп өтінішін айтып жатыр, оп-оңай орындалатын іс сияқты. Керуенбасымен жағдай тіпті өзгеше болды, әкесі тіріліп келсе ол бұлай таңданбаған болар еді, әсіресе біздің күтпеген жерден кететін болдық дегенімізге таң қалды! Шынында да үрейін алатындай жағдай болса керек! Өз жағдайы, әсіресе жолдастарының жағдайы не болады, Хиуа кеденіне жеткенде керуеннің барлық шығынын бізді ұстап беру арқылы есесін қайтармақ еді ғой! Енді бүкіл жоспарының быт-шыты шықты. Ол мені жолымнан қайтармақ болды, бірақ онысынан түк шықпайтынын біліп қорланып маған деген шын берілгендігін, болған істерді ұмытуымды жалынып сұрап, құлың болайын деген сияқты сөздерді айта бастады. Бұл сөздерін тыңдап болып құлағына сыбырладым, таңертеңге дейін аман болмайсың, егер менің кеткенімді біреуге айтар болсаң! Сені бүгін түнде бізге өте берілген адамдар күзетеді дедім.
Қосыма оралған соң Махамбетке: «Біз жүреміз! Егер сен шын пейіліңмен ақталғың келсе, бізге адалдығың шын болса, онда бізбен бірге жүр, біздің көргенімізді көресің» дедім. «Қашан жүреміз?» деді. Қазір жүреміз, аттар ерттелген, бәрі дайын. «Қайда?» — Сосын білесің. « — Менің атым жаман еді» деді ол. Өлсе, қазынаның атын береміз. «Тамақты қайдан ішемін?» — Тамақты біз береміз. — «Мен жаныммен де, тәніммен де сендермен біргемін, — деп маған қолын жайды; мен сіздер үшін осында жолдасымды қалдырамын, мен оны баламдай жақсы көремін, мен оның әкесіндей болдым. Егер жолымыз оңғарылса, сіз оны ұмытпаңыз». Ол Шека деген біздің заттарымыздың қасында қалған қазақты шақырып жолдасына Есеттің ауылында жатып мені күтсін, жақсы күндерді күтсін деп айтуды тапсырды. Шека бізбен қоштасарда еңіреп жылады, бишара қандай тағдыр күтіп тұрғанын білсе керек.
-Атқа! — Аттардың осқыруы мен көкжиектегі оттарды бізді күзетіп тұрған қазақтар байқап қалды: дабыл қағылды, асығу керек, шу мен қарбалас әбігер күшейе бастады: бұл немене деген көрушілер көбейіп жатыр, бірақ қап-қараңғыда қайда шабарын, қай жақтан бөгет қоюды білмейді. Жүріп кеттік, топырлаған аттың дыбысының бағытына бірнеше рет атылған мылтық дауысы естілді. Қатты желіспен бір шақырымдай жүріп, айқай мен шу, боқтау сөздер мен қуғынды артымызға тастап 14 адамнан тұратын кішкентай отрядымызды тәртіпке келтіріп алу үшін тоқтадық: адамдарымызды түгендей бастадық, бір адамымыз жоқ болып шықты. Мен алғашқыда Махамбет жоқ шығар деп ойладым, бірақ ол дауыстаған кезде табылды. Әр адамның бетіне үңіліп қарай бастадым: тілмәш жоқ! Махамбетті керуеннің айналасын көріп келуге жұмсадым, таба алмай қайтып келді. Не істеу керек? Ызаланған топтың ортасына жалғыз өзін қалдырып, құтқаруға әрекет жасамай кету ешқандай заңсыз және көп қисынға келмейтін нәрсе, қайту керек… Махамбетті керуенге қайтадан жұмсадым тілмәшті іздеуге…
Ысқырған боран бетімізге тура соғып тұрды. Түнгі оқ атыстан қорқып қалған аттар осқырып алға ұмтылып тұр; сірә қуғын соңымызға түскен болса керек, олардың айқайы мен шуы бізге жете бастады. Бір кезде аттың дүбірі естілді де артынша бір салт атты көрінді: біздің тілмәш! Қорыққан аты басқа жаққа бұрып кетіпті: аттың өз түйсігіне сеніп тізгінді бос жіберіпті, адал жануар біраз уақыт даламен жүріп бір уақытта аттардың осқыруын естіп аман-есен алып келіпті. –Құдайға шүкір! Иықтан бір үлкен жүк түскендей болды… Алға! Ал Махамбет ше? Оны күтуге уақыт жоқ. Содан кейін ол туралы ештеңе естіген жоқпын.»…
Осы жерде орыс офицері Махамбет жайлы аяқтап басқа әңгімелерге көшеді. Орыс офицерінің сөздерінің қаншалықты нақты екендігі жайлы айту қиын. Сірә, орыс офицері бұл Қазақтың ақыл, ой, шешендік мықтылығы жайлы айта отырып оның қазақтың Дала батыры болған Махамбет екендігінен хабары жоқ сияқты.
1839 жылы орыс генералы В. П. Перовский Хиуаға қысқы жорыққа шығып оның сәтсіз аяқталғаны белгілі. Жорықтың сәтсіз болуына сол жылғы сұрапыл қыстың ерте басталуы басты әсерін тигізді. Қалың қарлы бораннан орыстың бес мың әскерінің жартысына жуығы суықтан қырылды (мыңға жуық қазақтың түйе айдаушылары мен лаушылары өлді), Кіші жүз қазақтарының қарсылық көрсетулері де әсер етті. Жоғарыда айтылған эпизод жайлы жазушы Ә. Сарай өзінің «Исатай-Махамбет тарихы» кітабында (Алматы, «Мереке» 2012, 436-437.) мынадай пайымдау жасапты.
«Серіктерін жауға алдырған Махамбет бар-жоғы екі жолдасымен қалады. Сол бетте із тастап, жол шиырлап келе жатып олар Борсыққұмда тау-кен инженері орыс география қоғамының ғылыми секретары, академик Егор Петрович Ковалевскийдің экспедициясына кез келеді. Экспедиция Бұқараға бара жатқаны жайлы желеу айтады. Олар да Хиуа жорығының мақсатына қызмет етуші топ еді. Махамбет Е. П. Ковалевский отырған жолым үйге кіріп келіп, орысша сөйлей жөнеледі. Өткірлігімен, шешендігімен, ақыл парасатының биіктігімен орыстарды таңқалдырады. Өзінің Ішкі Ордадан қуылып 4-5 жылдан бері үй-күйсіз жүргенін баян етеді. Махамбетпен кездесуі туралы Е. П. Ковалевский 1843 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Странствователь по суши и морям» деген кітабында баян етеді.
Махамбет сұранып экспедицияға ілесіп шыққан да, жолда ізім-ғайып жоқ боп кеткен. Ковалевский Исатай жерленген жерде болып, оның моласын көргенін жазып кеткен.
Сүйтіп, 1839 жылы ақ патша отаршыларының Хиуаға әскери жорығы кезінде Махамбеттің Орынбор-Хиуа керуен жолында болып, қолынан келгенше қарсылық көрсеткенін байқаймыз. Бұл жайт ақын өмірбаянына тың беттер қосады» 436-437 бб. деген пікір жазыпты.
Жоғарыдағы жазбалар Е.П. Ковалевскийдікі ме, әлде басқаныкі ме, Махамбеттің Исатай серігінен айрылып торығып жүрген жалғыздық кезі ме, әлде орыстардың Хиуа жорығын болдырмау үшін әдейі жасаған шын мәніндегі тәуекелі ме, ол жағын айту қиын.
Ұқсас тақырыптар: