Ресейден қалмай Қазақстан да «шетел агенті» деген ұғымды енгізуді қарастырып жатыр. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова осындай заңды дайындауды ұсынды. Caravan.kz медиа порталы қоғам белсенділері мен депутат әріптестерінің пікірін саралап, бұл заңның қай ел тәжірибесінде барын тарқатады.
Ирина Смирнова ел аумағында жұмыс істейтін түрлі шетелдік қорларға шүйлікті. Айтуынша, сырттан қаржыландырылатын ұйымдар «толеранттылық пен сөз бостандығын желеу етіп, шындығында бөгде елдің саяси ықпалын тереңдетуіге атсалысады». Ол Илон Масктің мәлімдемесіне сүйеніп, «Шетелден қаржы алатындар негатив жазады» дейді. Ол Қазақстанның ұлттық мүддесін USAID сияқты шетелдік ұйымдар қызметінен қорғау керек деп мәлімдеді. Ол Үкімет басшысына «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдауды ұсынып, сауал жолдады. Оның сөзінше бұл Қазақстанды «сыртқы ықпалдан қорғаудың» бірден-бір жолы.
«Қолдау негізінен БАҚ және сөз бостандығы, азшылық топтардың құқығы мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту саласындағы жобаларды ілгерілету, либералдық реформалар, толеранттық пен азаматтық белсенділікті арттыру салаларындағы жобаларға беріледі. Тіпті мамандар ресурстардың бізге қайсысы пайдалы, қайсы қауіпті екенін біле алмайды», – деді депутат.

Депутат келтірген деректерге сай, Қазақстанда шетелден қаржыланатын 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Оның 70 пайызы АҚШ-тан қаржы алады. Үкіметтің дерегінше, елімізде 165 түрлі донордан грант беріледі. Олардың 53-і халықаралық ұйымдар, 31-і шетелдік мемлекеттік ұйымдар, 81-і шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар.
«Шетелдік қорлардың еліміздегі қызметі қаншалықты пайдалы немесе зиянды деген сұраққа нақты жауап беру қажет. Бұл мәселе геосаяси жағдайдың ушығуы, әлемдік күш орталықтарының ауысуы және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ел ішіндегі қайшылықтардың күшеюі аясында аса өзекті болып отыр. Егер Қазақстанда өзін өте жайлы сезінетін шетелдік үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) шынымен де өз мүддесіне сай әрекет етсе, олардың ықпалы бізге кері әсер етуі мүмкін. Жылдар бойы «сұр аймақта» жұмыс істеп келген ҮЕҰ-лардың мәртебесін қайта қарастырып, саяси мүдделерін «медиақолдау», «құқық қорғау» және толеранттылықты арттыру ретінде бүркемелейтін шетелдік донорлармен қарым-қатынас қағидаларын қайта жазатын уақыт келді», — деді депутат.
Ол шетелдік агенттер туралы заң қабылдаған елдердің мысалын келтірді, олардың қатарында Израиль, Қытай, Австралия, Ұлыбритания және Франция бар. Депутат үлгілі заңдардың бірі ретінде АҚШ-тың 1938 жылы қабылданған «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңын атады.
«Бұл заң саяси қызмет, ақпараттық қызметтер, саяси кеңес беру, қаржы қаражатын жинау және тарату, кез келген мемлекеттік органдар, АҚШ шенеуніктері немесе Конгресс мүшелері алдында шетелдік тапсырыс берушінің мүдделерін ұсыну сияқты салаларға таралады», — деп мәлімдеді Смирнова.
Мәжілісмен қазір талқыланып жатқан USAID агенттігі, «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиоларын да атап өтті.
«Америкалықтардың өзі мемлекеттік БАҚ-тың дұрыс емес екенін тағы да мойындап отыр. Олар мұны соғыстан кейінгі идеологиялық күрес үшін жасалған өткеннің жәдігері деп атайды. Мұны бүгінде Азаттық сайтына кірген кез келген адам анық көре алады. Мұнда жаңа мектеп, жол салу, түрлі реформа, қазақстандықтардың қандай да бір жеңістері туралы бірде-бір материал жоқ, тек сын мен негатив», — деді ол.
Депутаттың сөзінше «шетел агенттігі» туралы заң ел егемендігін нығайтуға көмектеседі. Бұл заңды қабылдауды ұсынған депутаттың өзі «Сорос қорымен» жұмыс істегені белгілі болды. Осыдан тура төрт жыл бұрын депутат Смирнова «Сорос-Қазақстан» қорын ашық мақтап:
«Осы ұйыммен он жылдан астам уақыт бойы ынтымақтасып келдім», — деп ағынан жарылған.
«Сорос-Қазақстанмен» таныстығымның қаншалықты ұзаққа созылғанын ой елегінен өткіздім. Сөйтсем, бұл қордың өкілдерімен он жылдан астам уақыт бойы әріптес болып келіппін. Ол кезде мен Алматыда мектеп басқардым, сондай-ақ «Ар-Намыс» атты мұғалімдер бірлестігінің филиалына жетекшілік еттік. Шамасы, 2008–2010 жылдар болуы керек. Дәл сол уақытта маған «Сорос-Қазақстан» қорының моральдық қолдауы көп көмек болды…«, — дейді депутат.
Ашық позициясын білдірген депутатқа қазақтар бойкот жариялады. Қазақтілді аудитория пенсия жасындағы Смирнованың Мәжілістен кетуін талап етуде. Қоғам егде кісілердің зейнетақы мен депутаттық айлықты қатар алуын түсінбейді.
«Пенсия жасындағы адам Мәжілісте не істеп отыр? Елдегі заң шығарушы орган қоғамдағы түрлі өзгерістерді тез ұғатын, заманауи технология мен дүниетанымға бейім жас буын өкілдеріне көбірек орын беру керек», — дейді желідегі жұрт.
Смирнованың пікірін әріптестері қолдады ма?
«Мен қолдаймын. Себебі Қазақстанның ішкі тәуелсіздігінде болып жатқан келеңсіздіктер дұрыс емес. Сырттан қаржыландырылып, өзімізбен өзімізді ұрып, олай жасауымыз мүлде дұрыс емес. Американың президенті де айтты. Мен құптаймын. Бізге іріткі керек емес. Ең бастысы тәуелсіздік, елдің тұтастығы», — дейді Ардақ Назаров.
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев та қолдайтынын жеткізді.
«Мен қолдаймын. Бұл тек АҚШ-та айтылып жатқан мемлекеттік қызметкерлердің позициясы ғана емес, бізде де көптен бері осындай сұрақтар туындап жүр. Елге қандай ұйымдар келіп жатыр? Қандай бағытта? Не жобаларды атқарып жатыр? Олар көптеген күмәнді жобаларды іске асырып жүр. Біріншіден, олардың барлығын толық зерттеу керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, барлығын бір тарақпен тарамау керек, олардың ішінде медициналық, гумманитарлық жобалармен айналысатын ұйымдар бар. Қисық жүретіндерін бөліп алу керек», — дейді депутат.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова ағартушылық білімге қатысты мәселелерді қолдайтынын айтты. Себебі ол азаматтық қоғам құрудағы басты бағыт дейді.
«Басқа депутаттық сауалын зерттеу керек. Ал білім мен ғылымға байланысты мәселелерді қолдаймын. Біз көпвекторлы саясатты ұстанамыз, сондықтан демократиялық бағытымыызда бірінші орында еліміздің мүддесі. Сондықтан баланс ұстауымыз керек, оны ұстап тұру әрқашан қиын. Осы себептерден бір жақты пікір білдіре алмаймын. Еліміздің мүддесін, саяси-экономикалық тұрғыдан ойлануымыз керек, дегенмен ағартушылық және білім саласында бұған тосқауыл қоюға болмайды», — деп жауап берді депутат.
Ресей және шетел тәжірибесі
Былтыр Грузия парламенті «шетел ықпалының ашықтығы туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заң қоғамда үлкен дау тудырып, мыңдаған адам протеске шыққан.
Оппозиция мен наразы топ бұл заңды Ресейдің «шетел агенті туралы» заңның көшірмесі деп қарсы болды. Олар бұл заң қабылданса, Ресейдегідей азаматтардың бостандығын шектеп, қысым күшейеді деп наразылық білдірді.
«Шетел агенті» деп танылған заң Ресейде 2012 жылы қабылданған. Мәскеу осы заңға сүйеніп, Ресейдің Украинаға басқыншылығы мен Путин саясатын сынған тәуелсіз БАҚ пен журналистерді, қоғам белсенділерін жаппай қудалап жатыр.
АҚШ-та FARA (Foreign Agents Registration Act) – 1938 жылы қабылданған. Шетелдік ұйымдар мен жеке тұлғалар, егер олар АҚШ-та саяси немесе лоббистік қызметпен айналысса, әділет департаментіне тіркелуі тиіс.
Қытайда шетелдік үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) бақылау туралы заң 2017 жылы күшіне енді. Барлық шетелдік ҮЕҰ Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінде тіркелуі керек және жергілікті серіктес мекемелер арқылы жұмыс істеуі тиіс.
Израиль елінде 2016 жылы қабылданған “Transparency Law” заңы бар. Егер ҮЕҰ қаржысының 50%-дан астамын шетелдік үкіметтер берсе, ол есеп беруге және арнайы белгімен көрсетілуге міндетті.
Венгрияда 2017 жылы “Шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ туралы” заң қабылданды. Шетелдік қаржыландыру алатын ҮЕҰ өзін арнайы тізімге енгізуге тиіс болды (2021 жылы ЕО қысымымен заң күшін жойды).
Австралияда 2018 жылы қабылданған Foreign Influence Transparency Scheme Act. заңы жұмыс істейді. Егер жеке тұлғалар немесе ұйымдар шетелдік ұйымдардың мүддесі үшін саяси лоббизммен айналысса, арнайы реестрде тіркелуі керек.
Тарих таңба салған «жапон тыңшылары»
1937 жылдары 60 мыңнан астам адам «Жапон тыңшысы» деген жаламен қанды қырғынның құрбанына айналған. Негізі, саяси қуғын-сүргінді бастауға түрткі болған да осы жала еді. Сол саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқан олар өмірінде жапондарды көрмеген де екен.
Бұл кезең Кеңес Одағындағы жаппай репрессиялардың ең ауыр сәттерінің бірі болды.
Оның ішінде Алаш қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, ақындар, мемлекет қайраткерлері де бар еді. Мысалы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар да осы жалған айыптың құрбаны болды.
Кеңес одағы құлаған соң жаппай жазықсыз сотталған көптеген азамат ақтала бастады. Сол кезде «Ашық тізім» жобасы қолға алынып, қуғын-сүргін құрбандары туралы деректердің базасы жасалды. Тек осы тізімдегі адамдардың саны 3 227 140-тан асып кетті. Кейбірі туралы толық мәлімет жазылған, енді бірі туралы жарым-жартылай деректер кездеседі.
1930-1950 жылдары Қазақстанда 100 мыңға жуық жапон әскери тұтқын еңбек еткен. Бірақ олар да Кеңес өкіметінің залалын тартып, Карлагта тұтқын болған. Соның бірі Қарағанды облысы, Ақтас кентінде тұратын Ахико Тецураға арнап «Ақтастағы Ахико» атты пьеса жазылып, сахналанған еді. Осылайша, жалған айып мыңдаған адамның қасіретіне айналып шыға келді.
Бұл оқиғалар қазақ тарихында үлкен жара қалдырды, ал олардың ақталуы тек ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана мүмкін болды. Бүгінде бұл кезеңнің сабақтарын ескеріп, мұндай қателіктерге қайта жол бермеу маңызды.
