Полицияның мәліметтеріне жүгінсек, Хайролла Оспановты өлтіруге тапсырыс беруші — мемлекеттік «Нефтестрой» ЖШС-нің бұрынғы директорының ұлы Ержан Сағындықов болып шықты. Бұл ЖШС қайта құрудан кейін»Oil transport corporation» ЖШС-не біріктірілген көрінеді. Тұтқынның отбасы мүшелері түгелдей «Нефтестрой» ЖШС-де жұмыс істеген екен.
Е.Сағындықов 30-маусымда Атырауда ұсталды. Қазір ол Ақтауға жеткізіліп, осындағы ІІБ-ның уақытша тергеу қапасында отыр.
Сондай-ақ, полицияның хабарлауынша, таяу уақыттарда Х.Оспановты тапсырыспен өлтіруді ұйымдастырған Бахтияр Таймухаметов қамауға алынбақшы. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ол денсаулығын куәландыру мақсатымен облыстық психоневрологиялық диспансерге күзетпен айдалып келген жерінен қашып кеткен болатын. Тергеу мекемелерінің пайымдауынша ол кісі өліміне тапсырыс беруші мен оны атқарушы арасындағы делдал болуы мүмкін.
Қазір облыстық Ішкі істер басқармасының қызметкерлері толық құраммен қылмыскерді ұстауға жұмылдырылып отыр.