Жарияланды: 900

"Халықаралық Алматы әуежайы" Air Astana әуе компаниясын әуежайдың жаңа бағаларына келісуге көндіру мақсатында компания рейсін екі сағатқа кешіктірді (толықтырылған нұсқасы)

Алматы. 7 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - "Халықаралық Алматы әуежайы" АҚ әуежайдың жаңа бағаларына "Air Astana" АҚ-ын көндіру үшін компания рейсін екі сағатқа кешіктірді. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатының барысында "Air Astana" әуекомпаниясының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Кеше, 6 тамыз күні біздің Алматы - Ақтау бағытындағы А-320 ұшағымен қатынайтын нөмірі КС859 рейсіміз "Халықаралық Алматы әуежайының" ұшаққа жанармай құюдан бас тартуына байланысты 2 сағат 20 минутқа кешіктірілді. Бұл ұшақ жоспар бойынша жергілікті уақытпен 20.20-да ұшуы тиіс болса, ол тек 22.54-те ұшып кетті", - деді Air Astana компаниясының шұғыл басқару орталығының менеджері Бердіхан Агмуров. Әуе компаниясының президенті Питер Фостердің айтуынша, "Халықаралық Алматы әуежайы" тарапынан жасалып отырған мұндай қадам әуе компаниясына және жалпы алғанда Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуына кері әсер етеді. Air Astana компаниясының жабдықтау жөніндегі вице-президенті Галина Омарованың айтуынша, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Көлік және коммуникация министрлігі қол қойған әуе компаниялары, әуежайлар және мұнай өнімдерінің негізгі иелік етушілерінің арасындағы серіктестік жөніндегі меморандумға сәйкес Air Astana әуе компаниясы үшін ай сайын 6 мың тонна көлеміндегі әуе керосинін Алматы әуежайына "PetroKazakhstan" сауда үйі жеткізеді. "2008 жылы шілденің 25 мен 31 аралығында жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты "PetroKazakhstan" мың тоннаға жуық әуе керосинін жеткізе алмады. Осыған байланысты Алматы әуежайында меншіктік әуе керосині бойынша жетіспеушілік туындады. Алайда, әуе компаниясы әуежайды осы үш күннің ішінде әуежайдан қазіргі бағамен әуе керосинін сатып алуға дайын екендігі жөнінде хабардар етті", - деп атап көрсетті Air Astana компаниясының вице-президенті. Баспасөз баянына сәйкес, әуежай әуе компаниясын алдын ала хабарландырмастан әуе кемесіне жанармай құюды тоқтатып, оны жалғастыру үшін екі талап қойған. Біріншіден, әуе керосинінің бағасын қазіргі баға бойынша емес, тек 14 тамызда ғана күшіне енетін жаңа баға бойынша төлеу. Екіншіден, әуежай ұсынып отырған жерде көрсетілетін қызметтер (жердегі қуат көздері, саты және т.с.с.) бағасының көтерілуімен келісу. Ұсынылып отырған бағалардың орташа өсім деңгейі 80 пайызға жететіні де атап көрсетілді. Бұл әуе компаниясының 30 млн теңге көлеміндегі қосымша шығындарына алып келетін еді. "Кеше "Air Astana" АҚ егер әуежай әуе компаниясының әуе керосинін сақтау шегін айына 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға ұлғайтқан жағдайда бұл талаптармен келісетінін хабарлады", - деп атап көрсетілген комнанияның баспасөз баянында. Қазіргі уақытта керосин бағасы ішкі бағыттар бойынша тоннасына 146 700 теңге және халықаралық бағыттар бойынша 150 200 теңгені құрап отыр. Әуежай талап еткен баға, Г. Омарованың мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі бағадан 10 пайызға, әуе компаниясының "PetroKazakhstan" сауда үйінен сатып алып отырған жанармай бағасынан 20 пайызға және әуе компаниясының Қазақстан Республикасының басқа да әуежайларынан сатып алатын отынның орташа бағасынан 30 пайызға артық. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть