Жарияланды: 460

Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік сегментіне ұшатын қазақстандық ғарышкердің кандидатурасын арнаулы мемлекеттік комиссия айқындайды

Астана. 14 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік сегментіне ұшатын қазақстандық ғарышкердің кандидатурасын арнаулы мемлекеттік комиссия айқындайды. Бұл туралы Астанада 13-14 қарашада өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның "Байқоңыр" ғарыш кешені жөніндегі кіші комиссиясының 11-отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық

ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі. "Қазақстанның бағдарламасы бойынша ұшатын ғарышкердің кандидатурасын әрине Қазақстан жағы анықтайды, ол үшін арнаулы комиссия құрылады. Бұл мәселе күбір-сыбырмен емес, ашық тәсілмен шешіледі, оған елдің басшылығы әрине қатысады. Дәл қазір бәлен ұшады деп біз нақты айта алмаймыз. Ұшудан екі үміткер - Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов жақсы дайындалып жатыр. Тек оң баға алуда. Олар Жұлдыздар қалашығына Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығына барған сәттен бері мен олардың дайындығын тікелей қадағалап отырмын", - деді Т. Мұсабаев. Өз кезегінде Роскосмос басшысы Анатолий Перминовтың айтуынша, "ғарышкердің нақты кандидатурасын Қазақстан үкіметі атайды, ал Ресей жағы оны міндетті түрде орындайды. Ал медициналық комиссиядан өту және емтихандар қабылдау мәселелерін біз Қазақстан жағымен бірлесіп атқарамыз. Екінші ғарышкер соңғы сәтке дейін қосалқы ғарышкер рөлін атқарады", - деді ол. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін