Бұл зерттеуге сәйкес, баспасөз бостандығы ең шектелген елдер Шығыс Азия және Таяу Шығыста тіркелген. Атап айтсақ, тізімнің соңындағы 167-орында Корея Халық Демократиялық Республикасы, 165-орында Бирма, 162-орында Қытай, 161-орында Вьетнам тұр. Сауд Арабиясы 159-орынды, Иран 158-орынды, Сирия 155, Ирак 148-орынды иемденді. Бұл елдерде тәуелсіз БАҚ-тар деген мүлдем жоқ, немесе, ондай журналистер қудалауға ұшырайды, ал олар жазған материалдар күн сайын дерлік цензураның тырнағына ілігеді.
Сондай-ақ, ұйым сарапшыларының тұжырымына сәйкес, Қытай мен Кубаны «журналистер үшін ең үлкен абақты» деп атауға болады, бұл елдерде тиісінше 27 және 26 журналист қамауда отыр. Сонымен бірге, «Шекарасыз репортерлар» құқық қорғау ұйымының атап көрсетуінше, тұрғындары биліктің шеңгеліндегі БАҚ-тарды оқып -тамашалауға мәжбүр болып отырған Түрікменстан мен Эритреяда тәуелсіз баспасөз деген мүлдем жоқ.
Баспасөз бостандығы жоғары деңгейде қамтамасыз етілген елдер Еуропада, соның ішінде Солтүстік және Орталық Еуропада. Алғашқы сегіз орынды мынадай елдер иемденді: Дания, Финляндия, Ирландия, Исландия, Нидерланды, Норвегия, Словакия және Швейцария. Бұл мемлекеттердегі «қысым көрсеткіші» 0,5 баллды құрайды. Баспасөз бостандығы үстемдік құрған 10 мемлекеттің санатына Жаңа Зеландия (1 балл) мен Латвия (2 балл) да кіреді.
ТМД елдерінен Молдова (78-орын, 20,5 балл) мен Тәжікстан (95-орын, 27,75 балл) БАҚ іс-қызметі үшін ең еркін елдер деп танылды. Тізім бойынша бұдан кейінгі орындарда Қырғызстан (107-орын, 35,25 балл), Қазақстан (131-орын, 44,17 балл), Әзербайжан (136-орын, 49,67 балл), Украина (138-орын, 51 балл) және Ресей (140-орын, 51,38 балл) тұр. Өзбекстан мен Беларусь 142 және 144-орындарды місе тұтты.
Баспасөз бостандығының рейтингісі қоғамдық ұйым қызметкерлері, журналистер мен сарапшылар арасындағы сауалнама негізінде анықталды. Оны анықтау үшін 14 құқық қорғаушы ұйым әлемнің 167 елінде сауалнама ұйымдастырды.