Оның айтуынша, дүниежүзілік тәжірибеде «жергілікті төменгі сатылы сайлауларға бақылаушылық жасау өте сирек кездесетін құбылыс», мұндай жағдай «сайлау барысында заңдылық дұрыс сақталмайтын мемлекеттерде ғана» кездеседі.
ҚР орталық сайлау комиссиясы төрайымының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы мәслихат сайлауларына бақылаушы ретінде қатысу жөнінде бірде-бір халықаралық ұйым заңды тәртіп бойынша өтініш білдірмеген. Соған қарамастан, З.Балиеваның айтуынша, мұндай өтініш келіп түскен жағдайда Қазақстан жағы оны қарап көруден бас тартпайды.
ҚР орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, қазіргі жағдаймен мәслихат сайлауына кандидат ретінде ат ұсынған 8184 азаматтың 7473 адам үгіт-насихат жұмысына кіріскен. Аймақтық сайлау комиссиялары тарапынан тіркеуден бас тартылған 142 азаматтың 12-сі ҚР орталық сайлау комиссиясының (ОСК) бүгінгі отырысы барысында қайтадан тіркеуден өтті. ОСК пікірінше, бұл азаматтарға қатысты сайлау заңының талаптары бұзылған. Заң бұзушылыққа жол беріп, азаматтарды тіркеуден бас тартқан округтік сайлау комиссияларына ҚР орталық сайлау комиссиясы ескерту жариялады.
ҚР орталық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгінсек, мәслихат сайлауын өткізуге арнап мемлекет 2 млрд. 225 млн. теңге бөлген, оның 1 млрд. 529 млн. теңгесі облыстарға аударылды. Сайлау науқанын қаржыландырудың екінші траншы бұрынғы транштың игерілуін ескере отырып қыркүйек айына белгіленді. «Қаржыландыру процессі дер кезінде әрі толық көлемде атқарылуда»,- деді З.Балиева.