Халықаралық валюта қорының басшылығынан үміткер екі кандидат анықталды
Халықаралық валюта қорының Атқарушы кеңесі басқарушы директорлыққа өз кандидатураларын ұсынып отырған екі үміткерді қарайды. |
Олар - Францияның экономика министрі Кристин Лагард және Мексика Орталық банкінің басшысы Агустин Карстенс. Бұл туралы РБК агенттігі Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, қордың басқарушы-директоры қызметіне кандидатураларды ұсынудың мерзімі 10 маусымда аяқталды. Халықаралық валюта қоры жаңа басқарушы-директорды 2011 жылдың 30 маусымына дейін сайлауды жоспарлап отыр.
"Сайлау процедурасына дейін Атқарушы кеңес Вашингтонда кандидаттармен кездесулер өткізіп, «олардың күшті жақтарымен танысуды» жоспарлауда", - делінген ресми ақпаратта.
Халықаралық валюта қорының бұған дейінгі басшысы Доминик Стросс-Кан 2011 жылы 14 мамырда Нью-Йоркте адам зорламақ болды деп айыпталып, істі болған еді. Қазір ол үйқамақта отыр, ал оның ісі сотта қаралуда. Д.Стросс-Кан өзіне тағылған айыптаулардың бәрін теріске шығаруда. Дегенмен, 19 мамырда мәлімдеме жасалып, оның Халықаралық валюта қорының басшысы қызметінен кететіні жарияланды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін