Халыққа қажетті заңдарды қабылдау - парламентшілердің міндеті - Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Халыққа қажетті заңдарды қабылдау - парламентшілердің міндеті - Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова

Халыққа қажетті заңдарды қабылдау - парламентшілердің міндеті - Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейтмағанбетова

Бесінші сайланымның екінші парламенттік сессиясы басталғалы екі айға жуық уақыт өтті. Қазір заң жобалары жұмыс тобында, комитет пен Палатаның жалпы отырыстарында қызу талқыланып жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі Гүлнәр Сейтмағанбетова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, парламентшілер алдындағы міндеттер туралы өз ойларын ортаға салды.

  • 29 Қазан 2012
  • 545
Фото - Caravan.kz

— Гүлнәр Сүлейменқызы, қандай заң жобалары бойынша жұмыс істеудесіз? Алдағы кезеңде Парламент қабылдайтын заңдар қандай салаларды реттеуге бағытталмақ?

— Бұл сессияда қоғамның негізгі салаларын реттейтін заңдар қабылданады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы жағдайын толық қамтитын мәселелерге тоқталып, Үкіметке, Парламентке және басқа да құзырлы органдарға тапсырма бергені белгілі. Ал жаңа парламенттік сессияны ашқан кезде Елбасымыз қоғамға аса қажетті қандай заңдарды қабылдау керек екенін сала-сала бойынша жан-жақты айтып берді.

Қазақстан Президенті Парламент алдына жаңа міндеттер қойды. Тапсырмалардың басым бөлігі Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан туындайды. Сондықтан осы сессияда депутаттардың да, Палата Аппараты қызметкерлерінің де жұмысы өте көп болмақ.

Халыққа қажетті заңдарды қабылдау — парламентшілердің міндеті. Әлеуметтік сала бойынша оннан астам қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні жөнінде Елбасы айтқан болатын. Одан басқа әлеуметтік стандарттар, әлеуметтік құқықтық кепілдіктер жөнінде, әлеуметтік жұмыс орындары туралы жаңа заңдар дайындалуы тиіс. Сондай-ақ ұлттық кәсіби біліктілік жүйесі туралы жаңа заң әзірленуі керек. Мемлекет басшысы басқа да бірқатар заң жобаларын әзірлеп, қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Алғашқы күннен бастап өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында осы сессия барысында атқарылатын жұмыстардың жоспары талқыға салынды. Комитет төрайымы Дариға Назарбаева елімізде әлеуметтік жаңғырту реформасын жүзеге асыру үшін заң шығармашылық жұмыстың жоғары қарқынмен жүргізілетінін айтып өтті. Қоғамның тыныс-тіршілігін білу мақсатында әлеуметтік реформалауға сәйкес парламенттік тыңдау өткізу мақсаты көзделіп отыр. Онда әлеуметтік саланың ең негізгі алты саласы қамтылатын болады. Соның ішінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, кейбір кәсіпорындарда еңбек даулары орын алуына байланысты әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу, білім мен ғылым, денсаулық сақтау саласы, халықтың мәдениетін көтеру, құқықтық сауатын ашу мәселелері еніп отыр. Елбасы тұрғындарымыздың мәдениетін көтеру жайына жиі тоқталып жүр. Соған орай тәртіп бұзушыларға айыппұл сала берудің орнына, жасаған «ұсақ» қылмысын жұмыспен өтеу жағы қарастырылады.

Комитеттің ұйымдастыруымен өңірлерде көшпелі отырыстар өткізу жоспарланды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы бағдарламалық нұсқауларын жүзеге асыру аясында аймақтардың әлеуметтік саласының даму проблемалары мен келешегі туралы комитеттің көшпелі отырысы өтті. Депутаттар бастамашылығымен әзірленген «Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бойынша Алматы қаласында комитеттің көшпелі отырысы болады. Сондай-ақ комитеттің келесі бір көшпелі отырысы шағын қалалардың әлеуметтік салаларын дамыту туралы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өтетіні қарастырылуда. Осы аталған шаралардың жоғары деңгейде өтуіне, заң шығармашылық жұмысқа тиімді және ұтымды ұсыныстар қабылдануы үшін комитеттің барлық мүшесі атсалысатыны анық. Іс-шаралардың өтетін мерзімі Палата Бюросынның шешімімен бекітілді.

— Азаматтардың құқығын қорғау бағытында заң шығару ісінде қандай жұмыстар атқарылмақ?

— Сайлаушылармен кездескен кезде халықты толғандыратын жайттың бірі — тұрғын үймен қамту мәселесі. Бүгінгі жас ертеңгі күні отбасылы болады. Әрбір отбасы өзінің жеке шаңырағы болғанын қалайды. Ал үлкен қалаларда құрылыс компанияларының үй салуы мен сатуы мәселесінде кездескен проблемалар аз емес. Ақшасын беріп, алданып қалған азаматтарымыз қаншама?! Дегенмен соңғы жылдары ипотекалық жолмен үй алушылардың да мәселелері заңмен реттелді. Әлі де тұрғын үйге қатысты заңмен айқындап алатын жайттар бар. Соның барлығын реттеу үшін осы сессия жұмысында тиісті заң жобалары дайындалып, талқыға салынады деп ойлаймын.

Ел Президентінің парламентшілер алдында бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты айтқан ойлары көңілімізден шықты. Елбасы мақсатты жұмсалған әрбір теңгенің қайтарылымы болуы керек екенін айтты. Мемлекет қаражаты кейде әртүрлі іс-шараларды өткізуге, елге пайда әкелмейтін салаларға жұмсалып кететіні сынға алынып жүр. Біз бірінші кезекте халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартатын, тұрғындарымыздың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал ететін, тұтастай алғанда, елдің әлеуметтік әлеуетін арттыратын маңызды жобаларды қаржыландыруымыз керек. Және де соның орындалуын қадағалағанымыз жөн.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық жағдай күр­де­лене түскен тұста үшжылдық бюд­жет жоспарын қалыптастырудың жолы біреу ғана екенін, ол үшін үнемшілдік пен бюджеттік шығындардың тиімділігін баса назарда ұстау керектігін айтты. Бұл мәселелер үшжылдық бюд­жет жоспарын қараған кезде депутаттардың басты назарында болды. Елбасы экономикалық өсімнің құқықтық базасын жақсартуды ұсынды. Осы бағытта Бюджет кодексі және басқа қаржы саласындағы заңдарымыз жетілдіріле түседі.

Алда тұрған маңызды міндеттердің бірі — Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына орай халықаралық келісімдерді заңмен бекіту. Еліміздің осы қадамына байланысты Парламентке көптеген заң жобалары келіп түсетін болуы керек. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі үшін атқарылатын істер өте көп.

— Осы ұйымға мүше болу мәселесі жиі пікірталас тудырып жатады. Алған бағытымыз дұрыс па?

— Бастапқыда қиындықтар болуы мүмкін, бірақ өтпелі кезеңнен кейін нәтижесі оң болады, елімізге, халқымызға тиімді болады деп ойлаймын. Танымал экономистердің, халықаралық сарапшылардың зерделеп талдауы бойынша, еліміздің болашағы зор. Егер біздің кәсіпорындарымыз бен кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілетті болса, қорқатын ештеңе жоқ. Өзімізде шығарылмайтын өнімді біз неге қымбатқа алуымыз керек? Егер ДСҰ-ға кірсек, бізде жоқ өнімдер арзан бағамен, яғни, сол ұйымға мүше елдерге шығарылатын баға деңгейінде келуі тиіс. Дамыған елдердің жаңа технологияларын алуымызға жақсы жол ашылады. Ілгері басу үшін көптеген мүмкіндіктер туады деп ойлаймын. Алға қарай дамимыз, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз десек, межені биік қоямыз, соған лайықты бола білуіміз қажет!

Сонымен қатар Елбасы өзіміздің тауар өндірушілерімізді қолдау жөнінде орынды бастама көтерді. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қоры­мен бірлесе отырып, жаңа қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау­дың өз моделін жасауды тапсырды. Осы істе әлемдік тәжірибені назарға алуды міндеттеді. Бұл дер кезінде алға қойылып отырған міндет. Кеден Одағына ендік, енді ДСҰ-ға кіргелі тұрмыз. Өнім шығаратын жергілікті кәсіпкерлерімізді қолдау үшін мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалуы керек. Соған орай кәсіпкерлікті қолдауға ықпал ететін заңдарымызды да ретке келтіру — заман талабы.

Әлеуметтік жаңғырту саясаты — ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын жетілдіруге бағытталған бастамасында Елбасы Үкімет пен Парламент және «Нұр Отан» партиясы бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың соңына дейін әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізуді және әлеу­мет­тік жаңғыртудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оны реформалаудың Тұ­жы­рымдама жобасын енгізуді тапсырды. Соған байланысты қолданыстағы көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Осы саланы қамтитын барлық заң жобасы өзім мүшесі болып отырған біздің Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті арқылы өтетін болады.

Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік заң­на­ма­лардың резервтері жеткілікті деңгейде іске қосылмағанын атап өтті. Соның ішінде «Білім беру туралы» Заңға сәйкес 9 жылдан бері мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша сынақтан өтеді. Алайда, бұл істе де сынға ілігіп жүрген жайттар аз емес. Мәселен, оқушылардың құқығы тапталғанда кім жауап беруі керек? Сондықтан ҰБТ-ны жүргізу ісінде құқықтық жауапкершілікті анықтауды қажет ететін тұстары бар.

Сондай-ақ өткен жылы «Медиация туралы» Заң қабылданды. Ол даулар мен жанжалдарды соттан тыс қарауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бірақ заңның бірқатар баптарына толықтыру енгізу қажет болып отыр.

— Еңбек қатынастарын, туындап қалатын әр түрлі даулы мәселелерді заңмен шешудің жолдары туралы не айтар едіңіз?

— Осы сессия барысында Еңбек кодексіне жаңа заңдық нормалар енгізілуі тиіс. Өйткені кәсіпорындар жастарды бастапқыда жұмысқа тәжірибеден өту мерзімімен алады. Соған қатысты баптарды ретке келтіру күн тәртібінде тұр.

Қай кезде де еңбек жанжалдарын шешуде кәсіподақтың рөлі зор болмақ. «Кәсіподақтар туралы» заңға жаңадан толықтырулар енгізу керек. Өйткені еліміздегі кәсіподақтар жүйесі 1993 жылы қабылданған заңмен жұмыс жасайды. Заңның шыққанына жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Ол заң біздің бүгінгі саяси өмірімізден, қоғамдық қатынастардағы өзгерістерден кейін қалып қойды. Еңбек дауына қатысты жиналыстарға барғанымда, жұмысшылардың өз құқықтарын қорғаудың өркениетті жолы қалыптаспағаны байқалады. Барлық дауды айқай-шу шығарып, митингі жасап, шеруге шығу тәсілімен шеше алмайсың. Өз құқығын түгел білмегендіктен, азаматтарымыз әр түрлі іс-әрекеттерге барып, заңсыздықтарға ұрынады. Шеруді ұйымдастырушылар кейде жұмысшыларды «соққыға қарсы алғы шепке» қояды.

— Жұмысшылар өз талаптарын қалай шешуі керек?

— Азаматтардың құқықтары кәсіподақтар арқылы жүйелі түрде қорғалуы керек. Кәсіподақтар олардың алға тартқан шарттарын Үкіметтің, не кәсіпорынның алдына қойып, мәдениетті түрде шешуге атсалысуы тиіс. Еңбек даулары туындаған кезде, белгілі бір уақытқа жұмыстарын тоқтатып, тәртіп бұзуға бармай, өркениетті елдердегідей шешілуі керек. Мәселен, Еуропа елдерінде автокөлік жүргізушілер немесе әуежай қызметкерлері ереуілге шығып, талап қойғанын телеарналар көрсетіп жатыр. Оларда ешкім жұмыстан қуылмайды. Өйткені әр кәсіпорын үшін маман қымбат. Ал бізде қаншама адам жұмысынан шығып қалады?! Қаншама адамның отбасы қаражатсыз қалады? Ондаған адам несиелерін төлей алмай жүр? Тек қана жұмысы емес, үйлерінен де айырылып қалып жатыр. Отбасына түскен қиындықтардан дау шығып, ажырасқандар қаншама?!

Сондықтан бізге жұмысшылардың құқығын қорғап, талаптарын жұмыс берушіге заң аясында орындатып отыратын беделді кәсіподақтар жүйесі керек. Билік органдары, сондай-ақ кәсіпорындар мен жұмысшылардың арасында келіссөздер жүргізетін, туындап қалған дауларды бейбіт жолмен заңға сәйкес шеше алатын кәсіподақ ұйымдары болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, кәсіподақтардың беделін көтеретін кез келді деп ойлаймын.

— Депутаттық қызметіңізге табыс тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар