Мешіт құрылысына халықтан қаражат жинайтын блогерлер мен өнер жұлдыздарының қатары қалың. Осыған қатысты қоғамның пікірі қақ жарылып жүр. Бірі қолдаса, бірі сынға алуда. Мәселен, "99 мешіт соғамыз" деген блогер ағайынды Әбіловалардың да әрекеті біраз талқыға түсіп еді. Осы жағдайларға қатысты Динара Болат "Мешіттен қарағанда мектептің қажеттілігі өзекті" деп отыр.
Бұл туралы Caravan.kz тілшісіне айтып берді.
"Біріншіден, халықтан ақша жинауға қарсымын. Себебі, оған билік бар, бөлінген ақша бар.
Ал, мешіт емес, неге мектеп дегенге келетін болсақ, біз қазір дамушы елдердің қатарындамыз, демек, біз дамыған, өркениетті қоғам құруымыз керек. оның негізгі кепілі, іргетасы ол — білімді қоғам, сапалы қоғам. Өңірлерді айтпағанда, астананың өзінде білім ордалары, мектеп, балабақша жеткіліксіз. Коронавирус жылдары бірнеше есе, әдеттегісінен көп бала дүниеге келді. Біз ол жылдарға тіпті, дайын емеспіз.
Маған да оқырмандарымнан бірнеше хаттар келді. Мешіттің салынғанын қалайтындар бар. Бірақ, ата-аналардан мектепке сұраныс жоғары. Мешіт салынғанын қалайтындар "жұмада мешіттерге адам сыймай кетеді" деген пікір айтады. Алайда, ойлап қарасаңыз мешітке аптасына тек бір күн жиналса, мектеп аптаның 5-6 күні толық жұмыс істейді емес пе?! Демек, балалардың білім алуына жағдай туғызу мешітке қарағанда өзекті. Сосын, қазір бір сыныпқа қамтылған баланың саны өте көп. Мысалы, бір сыныпта 30-дан аса бала оқып жатады. Бала саны аз қамтылған сайын ғана сапалы білім берілді, әр баламен жеке жұмыс істелді деп айтуға болар еді", — деді Динара Болат.