Р.Лугардың айтуынша, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник бүгін «Нанн-Лугар» бағдарламасы аясында АҚШ конгрессі ұсынған «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту бағдарламасы» шеңберінде елімізде тындырылған іс-шаралар туралы баяндаманы табыс еткен. Заңдарға енгізілген түзетулерге сәйкес, АҚШ жаңадан тәуелсіздікке ие болған елдерге жаппай қырып -жоюға бағытталған қаруларды ел аумағынан Ресейге шығаруға және осындай қару түрлерін жасауға арналған инфрақұрылымды жоюға қол ұшын беру жөнінде міндеттеме жүктеп алған.
Сондай-ақ, Р.Лугардың хабарлауынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруларды жоюға қосқан зор үлесі үшін сенаторға ризашылық білдірген. Президент сондай-ақ, «Нанн-Лугар» бағдарламасы бойынша АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық 2007-жылға дейін жалғасады дегенге сенім білдірді,- дейді Р.Лугар.
Өз кезегінде В.Школьниктің хабарлауынша, АҚШ конгрессі 2003-жылы Қазақстанға республикалық обаға қарсы күрес станциясын жөндеу және жабдықтау мақсатына арнап 20 млн. доллар бөлген. 2004-жылы қосымша тағы да 20 млн. доллар бөлініп, бұл қаржы еліміздегі обаға қарсы күрес станцияларының желісін дамытуға, оба, тырысқақ және күйдіргі дерттеріне қарсы вакциналар жасап шығаруға жұмсалады.
1992-жылдан бері 11 жыл ішінде Нанн-Лугар бағдарламасы аясында бұрынғы Кеңестік республикаларға жаппай қырып-жоюға арналған қаруларды жоюға және сенімді сақтауға бағытталған жобалар аясында 4 млрд. доллар бөлінді. Бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған табысты шаралар қатарында Степногорск қаласындағы биологиялық қару өндіретін дүниежүзіндегі ірі нысанның жойылуын және бұрынғы Кеңес одағы аумағы мен Ресейдегі 6 мыңнан астам ядролық оқтұмсықтардың залалсыздандырылуын атауға болады.