Халықтың жаппай ішімдікке салыну проблемасын өзара күш біріктіре отырып республика үкіметінің қолдауымен ғана шешуге болады - Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталық - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Халықтың жаппай ішімдікке салыну проблемасын өзара күш біріктіре отырып республика үкіметінің қолдауымен ғана шешуге болады - Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталық

Халықтың жаппай ішімдікке салыну проблемасын өзара күш біріктіре отырып республика үкіметінің қолдауымен ғана шешуге болады - Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталық

Бүгін, 2-сәуірде Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықта "Әйелдер арасындағы маскүнемдік : қазіргі ахуал, қиындықтар және оларды шешу жолдары" деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 2 Сәуiр 2004
  • 2257
Фото - Caravan.kz

Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдарда ішімдікке салынудың кесірінен болатын кісі өлімі мен түрлі аурушаңдық деңгейі артуына байланысты дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда да макүнемдік проблемасы мемлекеттік маңызды мәселелердің біріне айналды.

Дөңгелек үстелді өткізуге әйелдер арасында маскүнемдіктің барған сайын етек алуына деген алаңдаушылық түрткі болып отыр. Оған себеп, ағзадағы физиологиялық ерекшеліктерге байланысты әйелдердің спиртті ішімдіктерге тәуелділігі тіптен тез пайда болатын көрінеді. Спиртті ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдаланған жағдайда, маскүнемдік дерті әйелдер арасында 1-3 жылда созылмалы сипатқа көшсе, еркектер арасында 3-10 жылда осындай жағдай туындайды екен.
Алматы қалалық медициналық-әлеуметтік түзеу жөніндегі наркоорталықтың мәліметі бойынша, соңғы 3 жылда ресми тіркеуде тұрған маскүнем әйелдер саны 14,7 процентке артқан. Қазіргі жағдаймен, қалада 5317 әйел тіркеуде тұрса, олардың 413-і жасөспірімдер.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталық жүргізген екінші ұлттық тексеру мәліметтері бойынша, еліміз тұрғындарының 45,4 проценті айына 1-2 мәрте спиртті ішімдік тұтынады екен. Соның ішінде 20-29 жас аралығындағы жастар арасында маскүнемдіктің таралу деңгейі 64,4 процент болса, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 37 процентке тең. Бүгінде еліміз бойынша жарты миллионнан астам ішімдікке тәуелді адамдар тіркеуде тұр. Бұл республика халқының 3,4 процентін құрайды. Дегенмен бұл тек ресми статистикалық деректер.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың бас директоры Айқан Ақановтың айтуынша, әйелдер арасындағы маскүнемдік дерегіне баға беріп, анықтау қиынға түседі. Өйткені, олар ер адамдармен салыстырғанда араққұмарлығын ұзақ уақыт бойы жасыра білумен бірге, еркектерден гөрі көмекке сирек жүгінеді. Ал әйелдер арасындағы маскүнемдік ұрпақ денсаулығына ер адамдардың маскүнемдігінен әлдеқайда үлкен нұқсан келтірумен бірге (ұрықтың алкогольдық синдромы, тумысынан дамуы тежелу, мәжнүндік, ақыл-есі мен дене кемістігі), балалар мен жасөспірімдердің бесіктен белі шықпай араққа үйірсектігін қалыптастыруға түрткі болады. Ал бұл дегеніңіз, ұлттың гендік қорына төнген ұлығаусар қауіп екені түсінікті.
А.Ақановтың айтуынша, жалпы маскүнемдік, соның ішінде әйелдер арасындағы маскүнемдік проблемасын нақты шешу жолдары Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталық жобасын жасап шығарған «Қазақстан Республикасында спиртті ішімдіктерді тұтынуға шектеу қою саясаты » атты тұжырымдамада жан-жақты көрсетілген. Салааралық деңгейде кең көлемді талқыланған бұл тұжырымдамаға, өкінішке орай, үкімет пен жергілікті билік мекемелері тарапынан тиісті көңіл бөлінбей отыр. Халықтың жаппай ішімдікке салыну проблемасын өзара күш біріктіре отырып республика үкіметінің қолдауымен ғана шешуге болады, деп пайымдайды А.Ақанов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар үкімет қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға септігін тигізетін аталмыш тұжырымдаманы бекітіп, соңынан оны жүзеге асыруға қолдау көрсетеді дегенге үміт білдірді.
Дөңгелек үстелге ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары, Республикалық токсикологиялық орталық мамандары, Ислам Университеті, Алматы қалалық медициналық-әлеуметтік түзеу жөніндегі наркоорталық, Әлеуметтік-психологиялық сауықтыру және интегративті психотерапия орталығы, Психиатрия, психотерапия және наркология жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық өкілдері мен журналистер шақырылды.

Соңғы жаңалықтар