«Халықтық IPO»: 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті
![]() |
Бүгінде «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында акцияларды сатып алуға қазақстандықтардан 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті. |
Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері Дәурен Оңаев мәлім етті.
«Қазақстандық биржаның бізге ұсынған ақпаратына сәйкес, өткен жұмада акцияларды сатып алуға 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті», - деп атап көрсетті Д.Оңаев.
Ресми статистика бойынша, қазіргі кезде ел халқының 34,4 пайызы «Халықтық ІРО» бағдарламасы туралы жақсы біледі. Оның 7,3 пайызы акцияларды сатып алуға мүдделі екендігін білдірді. Демек, «Халықтық ІРО» бағдарламасының алғашқы кезеңіне шамамен 500 мың адам қатысуы тиіс.
Бүгін «Самұрық - Қазына» қорының ақпараттық тобы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша «Қазақтелеком» компаниясының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын өткізді.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері Дәурен Оңаевтың айтуынша, осы бағыттағы шаралардың басталғанына біршама уақыт болды. «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат топтарының бір бөлігі халық арасында жүрсе, басқалар «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың ішінде түсіндіру жұмыстарын өткізеді.
«Ағымдағы айдың басында Үкімет акциялардың нақты бағасын бекіткеннен кейін біздің жұмысымыз күшейді. Себебі халық «Халықтық IPO» туралы ақпарат іздей бастады», - дейді Д.Оңаев.
Бас менеджер атап көрсеткендей, қазақстандық биржаға алғашқылардың бірі болып шыққан «ҚазТрансОйл» компаниясының бір акциясы 725 теңге тұрады. Акцияларды сатып алу бойынша барлық өтініштер 6 қараша мен 5 желтоқсан аралығында қабылданады.
«Қабылдау науқаны 5 желтоқсан, сағат 17:00-ге дейін жүргізіледі. Осыдан кейін акциялар таратылып, есеп-қисаптың барлығы 14 желтоқсанға дейін жалғасады. Демек, осы күні барлық сатып алынған акциялар өтініш берген азаматтардың жеке есеп-шоттарына түсетін болады», - деді Д.Оңаев.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін