Caravan Logo

«Халықтық IPO»: 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті

«Халықтық IPO»: 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті

Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері Дәурен Оңаев мәлім етті.

«Қазақстандық биржаның бізге ұсынған ақпаратына сәйкес, өткен жұмада акцияларды сатып алуға 800 млн. теңгеден астам сомаға өтініштер түсті», - деп атап көрсетті Д.Оңаев.

Ресми статистика бойынша, қазіргі кезде ел халқы­ның 34,4 пайызы «Халықтық ІРО» бағдар­ла­­масы туралы жақсы біледі. Оның 7,3 пайызы акцияларды сатып алуға мүдделі екендігін білдірді. Демек, «Халықтық ІРО» бағдарламасының алғашқы кезеңіне шамамен 500 мың адам қатысуы тиіс.

Бүгін «Самұрық - Қазына» қорының ақпараттық тобы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша «Қазақтелеком» компаниясының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын өткізді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері Дәурен Оңаевтың айтуынша, осы бағыттағы шаралардың басталғанына біршама уақыт болды. «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат топтарының бір бөлігі халық арасында жүрсе, басқалар «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың ішінде түсіндіру жұмыстарын өткізеді.

«Ағымдағы айдың басында Үкімет акциялардың нақты бағасын бекіткеннен кейін біздің жұмысымыз күшейді. Себебі халық «Халықтық IPO» туралы ақпарат іздей бастады», - дейді Д.Оңаев.

Бас менеджер атап көрсеткендей, қазақстандық биржаға алғашқылардың бірі болып шыққан «ҚазТрансОйл» компаниясының бір акциясы 725 теңге тұрады. Акцияларды сатып алу бойынша барлық өтініштер 6 қараша мен 5 желтоқсан аралығында қабылданады.

«Қабылдау науқаны 5 желтоқсан, сағат 17:00-ге дейін жүргізіледі. Осыдан кейін акциялар таратылып, есеп-қисаптың барлығы 14 желтоқсанға дейін жалғасады. Демек, осы күні барлық сатып алынған акциялар өтініш берген азаматтардың жеке есеп-шоттарына түсетін болады», - деді Д.Оңаев.