Халықтық ІРО: мұсылманға неге акционер болмасқа... - Әзірет Сұлтан мешіті
![]() |
«Халықтық ІРО-ға қатысу халал ма харам ба?». Дәл осы тақырып БАҚ-та қызу талқыға түсіп қана қоймай, жекелеген азаматтарды білікті мамандардан, дін басшыларынан кеңес алуға жүгіндірген болатын. |
Мәселен, Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты muslim.kz-ке де оқырман «Елімізде басталған халықтық ІРО бойынша мұсылманға акционер болуға рұқсат па? Яғни, акция сатып алу арқылы сіз өз ақшаңызды депозитке саласыз. Ал депозит харам болмай ма?» деген сауалды жолдаған екен. Соған орай, Әзірет Сұлтан мешітінің жауабын ұсынып отырмыз.
«Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Акция дегеніміз депозит емес. Акция бизнеске қосқан үлес болып саналады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Ханафи мәзһабының ғалымдары акция мәселесінде екі нәрсені ескеру қажеттігін атап өткен. Оның біріншісі компания шариғатқа қайшы келмейтін, харам емес, адал кәсіппен айналысу керек. Екіншіден, компания өсіммен (процент) ақша табатын несие операцияларымен айналыспауы қажет. Сондай-ақ, табысы белгіленген (тиянақталған) артықшылықты акцияларды алуға дінде рұқсат берілмейді (Түсіндіріп айтсақ, компания қанша пайда тапса да, акционерлеріне тек бекітіліп қойған мөлшерде ғана ақша төлейтін акция түрімен айналысуға болмайды. Себебі, компанияның табысы қанша болса, акционерлердің үлесі соған сай болу керек. Егер компания мол олжаға кенелсе, акционердің де алар ақшасы өсуі тиіс. Ал компания табысы құлдырап кетсе, акционердің де табысы соған сәйкес болуы қажет. Яғни, компания мен акционердің арасында «кемедегінің жаны бір» деген принцип болуы керек)», - деп жазады Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін