«Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясымен мұғалжарлық ІІ топ мүгедегі Динара Мәжиеваға баспана сыйлады. Бұл — аталмыш қордың бастамасымен сыйға беріліп отырған екінші пәтер, деп хабарлайды aktobegazeti.kz.
Бұған дейінгі алғашқы пәтердің кілті Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының көпбалалы отбасына бұйырған еді. Қайырымды жандардың септігімен келесі пәтердің кілті Мұғалжар ауданына қарасты Сағашилі ауылында ұлымен пәтер жалдап тұрып келген Динара Мәжиеваға табыс етілді.
Пәтер кілтін табыстаған «Өнер қырандары» театрының актеры Жанболат Найзабеков барша қазақстандықтарды қайырымды іске жұмылып, акцияға атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, халықтың демеуімен жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға қол ұшын созуды мақсат еткен «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді.