Жақында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының атына жолданған үшбу хат жарияланды. "Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік ететін Қазақстанның театр қайраткерлері одаған қатаң тексеруден өткізу керек" деген уәжі бар хатқа Асанәлі Әшімов бастап, Меруерт Өтекешова қоштаған алматылық жеті қайраткер қол қойған.
Тұңғышбай Жамақұлов «Abai.kz» порталында берген жауабына қарағанда бұл хатты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұйымдастырып жүр, деп пайымдайды екен.
Төмендегі сұхбат қысқартылып берілді.
— Тұңғышбай аға, өзіңіздің әріптестеріңіз бірігіп, Елбасына хат жазыпты. Оқыдыңыз ба?
— Көрдім, оқыдым. Енді мен не айтам?! Біріншіден менің атымдағы фестиваль туралы айтайын.«Тұңғышбай Таразға шақырады» деген фестивальді Қазақстан театр қайраткерлері одағы өткізген жоқ. Оның барлығын қаражатын бөліп, жөн-оралғысын жасап өткізген Жамбыл облыстық әкімшілігі және сол әкімшіліктің Мәдениет және мұрағат департаменті. Оған одақтың ешқандай қатысы жоқ. Мен өзім тараздық болған соң, жерлестерім ұсыныс айтып, "осындай фестиваль жасайық" деді. Менің атымды сұрады. Мен жақсы деп, келісімімді бердім. Ол фестивалдері кейде халықаралық деңгейде өтіп, оған Польша, Чехиядан әртістер келді. Кейде республика деңгейінде өткізіліп жүр.
— Хатта айтылғандай, сіз жетекшілік ететін одақ ешқандай шара өткізбейді екен ғой. Жалғыз осы фестивальді атап көрсеткен екен. Ол да одақтың жобасы болмай шықты.
— Бұл енді екінші мәселе. Мұндай фестиваль өткізуге одақтың қаражаты жоқ. Білесіз бе? Біздің одақта ондай бюджет жоқ. Министрлік бізге бір тиын да ақша бөлмейді. Біз жыл сайын өз жобаларымызды министрлікке жолдаймыз. Өкінішке орай Министр мырза біздің хаттарға жауап бермейді, шынтуайтына келгенде лақтырып тастайды.
— Неге?
— Білмеймін ғой. Әйтеуір ешбір ұсынысымызды құптаған кезі болған жоқ.
— Ал «Еңлік гүл» сыйлығын бергенде, ешкім танымайтын актерлерге берді дейді. Бұған не дейсіз?
— Рас, «Еңлік гүл» салтанатын біздің одақ жасап жатыр. Мен төраға болғалы бері өткізіліп келеді. Мұның жеке демеушісі болды. Алғашқы 5-6 жылда "Қазмұнайгаз" компаниясы демеушілік көрсетті. Одан кейін бір жыл демеуші болмай қалды. Биыл тағы бір жеке кәсіпкер демеуші болды. Анау есікті бір, мынау есікті бір қағып жүріп тапқан қаражатымызға өткіздік. Енді ол жүлделерді кімдер алды дегенге келсек, Қазақстанның барлық облыстарындағы театрлардан үміткерлер қабылданады. Бүкіл өңірлердегі облыстық театрлардың актерлері бір жыл бойы өзі сомдаған үздік рөлдердің бейне нұсқасын жібереді. Мәреге 2 ай қалғанда біздегі тәуелсіз сарапшылар актерлердің ішінен сұрыптап, ең үздіктерін анықтады.
— Тұңғышбай аға, бықсып тұрған шоқты қайта көсегенім емес, сонда да сүрасақ. Осы уақытқа дейін «ләм-мим» демеген қайраткерлердің кенеттен сізді жамандап шығуының астарында не жатыр?
— Хатты министр ұйымдастырып отыр деп ойлаймын. Мына «Еңлік гүлдің» болып жатқанына биыл жетінші жыл. Осыған дейін шағымданғыш әлгі кісілер қайда жүр? Неге былтыр осы мәселе көтерілген жоқ? Ал, Асекеңді біз жыл сайын шақырамыз, ол кісі келмейді. Сонан соң бұл кісі одақтың жұмысынан еш хабары жоқ. Араласпайды, атсалыспайды.
— Жақсы министрмен араңыздағы даудың шешімі өздеріңізге мәлім. Десе де сіз білдей бір одақты басқарып отырсыз. Сіздің артыңызда Қазақстанның барлың өңірлеріндегі театр қызметкерлерінің аманаты, сенімі тұр. Осы даулар Одақ жұмысына зарарын тигізеді деп ойламайсыз ба?
— Салқыны тисе тек осындай өсек-аяң таратуға ғана салқыны тиер. Біздің министрмен текетіресіміз ол ректор болып тұрған кезде басталған. Мен Жүргеновте сабақ беремін. Ол — ректор. Бар болғаны Үкіметтен 12 грант бөлінеді, сол кезде. Арыстанбек мырза барлық 12 грантты өзінің тізімімен жасауға тырысты. Бұл осыдан 4 жыл бұрын болған әңгіме. Мен бұл тізімді орындай алмайтынымды ашық айттым. Сол жерден біздің айқас басталған. Ол кісі маған доқ көрсетті. «Сен менің кім екенімді білмейді екенсің, мен сені жұмыстан шығарып жіберемін» деген сөздер айтылған соң, екеуіміз шекісіп қалдық. Сол кек министр көңілінде сақталып қалған екен. Содан ол кісі министр бола сала, мына біздің одақтың сьездін өткізіңдер деп бұйрық соқты.
Оны жасайтын министр емес, одақтың президиумы. Енді тағы бір мәселе — бұл кісі кино саласында керемет білімді ғой. Осы саламен қатты айналысады. Себебі, ол жақта ақша көп. 2012 жылы менің «Фениск» деген жобам басталған еді. Қаражатты жаратуға арналған смета болады. Соған сәйкес, біз дайындық жұмыстарына, техникалық құралдарға 60 миллион теңгедей жұмсадық. Қай айда, қанша ақша, қайда жұмсалатынын «Қазақфильм» басшылығы реттеп отырады. Қатаң бақылауда. Содан бәрі ретімен келе жатқанда, дайындық жұмыстары аяқталып, енді міне кино түсірілімін бастаймыз дегенде Арыстанбек мырза жобаны тоқтатып тастады. Өзі музыкант, виоленчелист болса да, сценарийге араласып, анау-мынау сылтаулармен жобаны тоқтатып тастады. Қанша адам айлықсыз қалды. Ол тағы бар. Сондықтан біз сотқа да жүгіндік. Өкінішке орай еш нәтиже болмады. Ең соңында бізге бөлінген 470 миллион теңгені бұл кісі «Қазақ елі» сериалына аударып жіберді. Оған не себеп болғаны белгілі. Жағдай осындай.