Киев қаласында (Украина) өткен әлем чемпионатының соңғы жауапты матчында отандастарымыз Украина ұлттық құрамасымен кездесіп, овертаймда 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осы жеңіс біздің ұлттық құраманың бірінші дивизиондағы мықтылығын ғана айғақтап қойған жоқ, ұлттық құрамамыздың келесі жылы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында өнер көрсететін мүмкіндігін де қанжығаға байлатты.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылы Қазақстан құрамасы жоғарғы дивизиондағы ойындарда орын алған сәтсіздіктерден соң бірінші дивизионға түсіп қалған болатын. Ал осы жолғы Қазақстан, Украина, Эстония, Ұлыбритания, Литва және Польша ұлттық құрамалары қатысқан Бірінші дивизион ойынындарында элиталық дивизионға жалғыз жолдама сарапқа түскен болатын. Ойындар нәтижесі бойынша барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтыннан алқа таққан Қазақстан хоккейшілері сол жоғары элиталы хоккей алыптарымен иық тірестіре ойнайтын мүмкіншілікке ие болып отыр. Тоқтала кететін жайт, 17 -23 сәуір аралығында Украина астанасында өткен чемпионатта Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыластарымен болған бес кездесудің төртеуінде негізгі уақытта жеңіске жетсе, соңғы Украинаға қарсы өткен ойында ғана қосымша уақытта қарсыласты 3:2 есебімен ұтты.
Чемпионат бойынша қазақстандық хоккейші Роман Савченко ең үздік қорғаушы атанды. Ең үздік шабуылшы — Олександр Матерухин (Украина), ең үздік қақпашы — Стивен Мерфи (Ұлыбритания).