Швейцариялық RTS арнасының хабарлауынша, тергеу Қазақстан тарапынан жіберілген сұрауға байланысты басталыпты. Онда Виктор Храпуновтың Алматыны басқарған жылдары тау бөктеріндегі жерлерді гектарлап сатқаны айтылған. Экс-әкім тіпті мемлекет меншігіндегі зәулім ғимараттардың өзін тиынға сатып алып, әйелі Ләйлә, балалары Ілияс пен Эльвираның және қайын жұртының атына рәсімдеген. Сөйтіп, 250 млн доллар қор жинап, Швейцария асырыпты. Қазір Храпуновтар отбасы осы елдегі ең бай адамдардың тізімінде. Ұлы мен әйелі тіпті Женева көлінің жағасында алып демалыс аймағын бастағалы жатқан болатын. Енді қашқын шенеунік байлықты қалай жинағанын швейцариялық тергеушілерге түсіндіруі тиіс. Храпуновқа қатысты отанында да 20 бірдей қылмыстық іс қозғалғанын айта кетейік. Қаржы полициясы оны аса ірі көлемде қаржылық құйтырқылыққа барды, мемлекет меншігін оңды-солды сатты деп айыптауда. Тіпті экс-әкім халықаралық іздеуге де жарияланған. Естеріңізге сала кетейік, Виктор Храпунов 1997-2004-ші жылдар аралығында Алматы әкімі қызметін атқарған соң, ұзақ уақыт Шығыс Қазақстан облысы мен Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған болатын.