Храпуновтың қанша байлығы бар екені анықталды
![]() |
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы демократиялық мемлекет құруда маңызды табыстарға, бәсекеге қабілетті экономика құруда, қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуында едәуір жетістіктерге жетті. |
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың реформасының ауқымдылығы тарихи аз уақыт ішінде мемлекетіміз бен қоғамымызды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Президент және зияткерлік әлеует» атты мақаласында. Мақала авторы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев.
Оның айтуынша, Н.Ә.Назарбаев жастарға еліміздің бүкіләлемдік қоғамда бәсекеге қабілетті мемлекет болуы әрбір қазақстандықтың білімі мен ақыл-зерде, парасат дәрежесіне байланысты екенін әр уақытта айтудан жалықпайды, сондықтан «бізге ұлттық интеллектінің діңін құру, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар қажет».
«Көшбасшының еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру идеясы «Интеллектуалды ұлт - 2020» жаңа мемлекеттік жоба жасауға түрткі болды, жоба негізінде үш аспекті бар «білім беру жүйесіндегі серпіліс; ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру; жаңартпашылдықты дамыту». Заманауи әлемде жаңартпашылдық мағынасының ауқымдылығы соншалық, бүгінгі күні қоғам дамуының деңгейін оның жаңартпашылдық экономикасының деңгейімен анықтайды. Соған байланысты «жаңартпашылдық үрдісті тиімді басқара алатын, жаңашылдық жобалар жасай алатын және дамытуға қабілетті жоғары білікті мамандарға» деген қажеттіліктің өсуі заңдылық», - дейді автор.
Сондай-ақ, газетте «Тергеу: Храпунов ірі қылмыстары үшін кінәлі» деген тақырыппен Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың Қазақстанда алаяқтықпен жасаған барлық қылмыстары, салық төлеушілерден ұрлаған ақшаларына шет елдерде қандай бизнес ашып жатқандығы егжей-тегжейлі жазылған.
«Алматының бұрынғы экс-әкімі В.Храпунов оффшорлық және жалған фирмалар арқылы салық төлеушілердің нақты ақшасы - 48 миллион доллар мен 8 миллионға жуық еуро қаражатын ұрлап әкетті» деп жазады газет.
Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық істен тұратын материалдарда Алматы қаласы экс-әкімінің, оның әйелі мен балаларының Швейцария мен Қазақстандағы мүліктерінің тізімі көрсетіліпті.
«Храпуновтар Еуропада 2007 жылдың 27 шілдесінде 32 млн. франкке Chemin de Ruth 49, Coiogny 1223 мекен-жайы бойынша тамаша вилла және ірі қонақүйлер мен зергерлік компаниялар, кеңселер, қымбат көліктерді сатып алған» деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
***
Республикалық қоғамдық-саяси «Алаш айнасы» газетінің 22 қараша, бейсенбі күнгі санында «Жасын тағдырлы жыр жампозы» атты мақала берілген.
«Жетісу топырағынан түлеп ұшқан, есімі елге мәшһүр айтыскер ақын, сыршыл сазгер, дүлдүл әнші Жандарбек Бегімбетов тірі болғанда бүгінде ер жасы - 50-ге толар еді. Осыдан 22 жыл бұрын қандықол қарақшының қолынан мезгілсіз қаза тапқан танымал өнер жұлдызы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында өзінің бірегей талантымен ел-жұрттың мәңгі есінде қалды. Жандарбекті аға, іні, әріптес, сыйлас, сырлас, ең бастысы, қимас дос тұтқан белгілі, белгісіз жандар өте көп...» - деп жазады газет.
Басылымның жазуынша, адамдарды тәнті еткен - ақын жанының сұлулығы мен тазалығы, ақыл-парасатының кеңдігі, тереңдігі. Осындай бірегей талантты дәріптеу, артында қалған ән-жыр мұраларын ел-жұртқа насихаттау мақсатында жақында Алматы облысы, Панфилов ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен Жаркентте «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты еске алу кеші және ақындар айтысы өткізілді.
Мемлекеттік шекара туралы Қазақстанның қолданыстағы заңы сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған. Онда да құжаттағы нормаларды мамандар кеңестік кезеңдегі заңның сарқыншақтары, КСРО-дан сырғып келе жатқан қағидалар ретінде қарастырады. Бұл тұрғыдан келгенде шекараға қойылатын бүгінгі талап та, бүгінгі қатердің де жөні мүлдем бөлек екені айтпаса да түсінікті. Осыған орай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жаңа заң әзірлеп, құжатты кеше Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Осы мәселеден туындайтын бірқатар жайттардың түйіні «Алаш айнасындағы» «Жаңа заң мемлекеттік шекараның шетін мәселесін шеше ала ма?» атты мақалада кеңінен тарқатылған.
Туризмнің қай елде болсын экономиканы дамытудың бір жолы ретінде қаралатыны рас. Өткен жылы бұрынғы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда Қазақстанның туристік саласын дамыту мәселелері талқыланды. Содан бері туризм саласына мемлекеттен көп қаржы бөлініп, көмек көрсетіле бастағаны аян. Ал қазіргі таңда бұл салаға мемлекеттік көмек көрсетудің қажеті жоқ деген пікір айтылып жүр. Осы орайда, газеттің «Ой-көкпар» айдары аясында «Мемлекеттің көмегінсіз отандық туризм өз бетінше дами ала ма?» деген мәселе қозғалып, мамандар пікірі жарияланған.
***
«Время» газеті, актөбелік өнертапқыштар ниет еткен адамдарға мемлекеттік тілді үйрететін «сыйқырлы қалам» ойлап тапқанын жазады. Ғажайып қаламға өнертапқыштар арнайы электрондық құрылғы орналастырған, оның жадында қазақ тіліндегі 3 мыңнан астам сөз бар. Өнертапқыштардың айтуынша, бұл жадты одан әрі де үлкейтуге болады, оған ән-күй, мақал-мәтелдер жүктеп алып, тыңдауға мүмкіндік бар. Мақала «Написал - и заговорил!» деген тақырыппен берілген.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін