Халықаралық валюта қоры шілде айындағы есебінде әлемдік экономиканың алдағы кезеңдерге арналған жаңартылған болжамдарын жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономика 2025 жылы 3,0%, ал 2026 жылы 3,1% өседі деп күтілуде. Бұрынғы бағалаулармен салыстырғанда сәл жоғары, десе де, уақытша факторларға сүйеніп тұрған өсім екенін атап өткен жөн. Өсімге ықпал етіп отырған бірнеше негізгі факторлар бар. Атап айтқанда, ықтимал тарифтік өзгерістерге дейін жасалған жаппай алдын ала сатып алулар, АҚШ-тағы тиімді тарифтердің төмендеуі және доллардың әлсіреуі есебінен қаржылық жағдайдың жақсаруы. Бірінші тоқсандағы мәліметтер бұл үрдісті растайды. Халықаралық сауда мен инвестиция өсіп жатқанымен, жеке тұтыну баяу дамуда.
АҚШ-та соңғы үш жылда алғаш рет ЖІӨ тоқсандық көрсеткіш бойынша 0,5%-ға қысқарды. Тұтынушылық шығындар өте баяу, небәрі 0,5%-ға ғана өскен. Дегенмен импорт пен бизнес-инвестициялар күшейген, бұл болашақтағы тарифтердің артуына байланысты кәсіпорындардың алдын ала сатып алуына байланысты болуы мүмкін. Еуроаймақтағы өсім 2,5%-ға жеткенімен, бұл негізінен инвестициялар мен таза экспорт есебінен болды. Ирландия экспортының күрт артуын есепке алмасақ, өсім тек 1,4%-ды құрайды. Қытайда экономика 6,0%-ға өсіп, күткеннен жоғары нәтиже көрсетті. Бұл, негізінен, юаньның құнсыздануы мен экспорттың ұлғаюына байланысты.
Ал, екінші тоқсанда алдын ала сатып алулар бәсеңдегені байқалады. Бұл қазіргі өсімнің уақытша сипатын көрсетеді. Осындай жаһандық тұрақсыздық жағдайында ТМД елдерінің экономикалық дамуы әрқилы бағытта жүріп жатыр. Ресейде экономикалық өсім бәсеңдеп, санкциялар мен ақша-несие саясатының қатаңдауы салдарынан 2025 жылы 1,4%, ал 2026 жылы 1,2% деңгейінде болады деп болжануда. Бұл Орталық Азия елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Қазақстан тұрақтылығымен ерекшеленуде. ХВҚ еліміздің ЖІӨ өсімін 2025 жылы 5,0%, ал 2026 жылы 4,3% деңгейінде болады деп болжауда. Тіпті, 2025 жылға арналған болжам 0,1 пайыздық тармаққа жоғарылап отыр.
Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да жоғары өсім көрсетуде. Өзбекстан экономикасы 2025 жылы 5,9%, 2026 жылы 6,0% өседі деп күтілсе, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 7%-ға жетеді. Тәжікстанда шамамен 6,7% өсім күтілуде.
Сонымен қатар, халықаралық валюта қоры жаһандық өсімге қауіп төндіретін бірқатар факторларды атап өтеді. Олардың қатарында тарифтердің қайта артуы, геосаяси шиеленістердің ушығуы және бюджеттік тапшылықтың тереңдеуі бар. Осыған байланысты қор елдерге болжауға болатын сауда ережелерін қалыптастыруды, бюджеттік тұрақтылықты қалпына келтіруді және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүргізуді ұсынады.