Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Желіде тараған видеодан Зүлфия Төленованың кішкентай қызды шашынан жұлып, араша түскендерге де дауыс көтеріп жатқанын байқауға болады.
Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, өткен жылдың аяғында Төленованың үстінен асыранды балалары арызданған.
”Бәрі белгілі болды. Қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен. Желтоқсан айының 29-ы күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар — асыранды балалары.
Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәләлденсе, заң аясында жауапқа тартылады”, — деп жазды журналист.
Ал, Зүлфия Төленова журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында балаларға не үшін қол көтергенін түсіндірген.
”Үйге істеп қойған тамақты көшедегі итке тасиды. Қарап тұрып сиіп тастай салады. Мен не істеуім керек? Соншалықты ашуландырады. Мен біреудің баласына емес, өзімнің немереме қарағым келмей кетті. Өйткені, тыңдамайды. Не істеймін басқа?! Қазір балалар жазған арыз бойынша іс жүріп жатыр, тергеуге шақырады, барамын. Той-думанда ішімдік ішемін. Бірақ ішіп келіп балалардың мазасын алмаймын”, — дейді ол.
Айту кету керек, Зүлфия Төленова — туған ағасы мен жеңгесі мал бақтырып, 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлілі Құндыз бен Назгүлдің де қамқоршысы.
Бұған дейін желіде Құндыздың аяқ-қолы байлаулы жатқан фотосы тарағанын жазған едік.