"Қиындық пен тарығуды көп көрді": Фариза Төреәлі әкесіне жантебірентерлік жазба арнады - kaz.caravan.kz
  • $ 478.77
  • 548.62
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қиындық пен тарығуды көп көрді": Фариза Төреәлі әкесіне жантебірентерлік жазба арнады

"Қиындық пен тарығуды көп көрді": Фариза Төреәлі әкесіне жантебірентерлік жазба арнады

Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі әкесіне арнап жантебірентерлік жазба арнады.

  • 1 Сәуiр
  • 8
Фото: Instagram/farizatoreali

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Фариза Төреәлі өзінің ерекше жазбасын жеке парақшасында жазды.

«Менің әкем! Қастерлім! Қорғаным! Есімді білгелі көргенім қамқорлық, естігенім жылы сөз, сезгенім мейірім! Бүгін сол баға жетпес асыл сезімнің бәрі бір кадрда мәңгіге сақталып қалды. Біз бүгін алғаш рет әке мен қыз болып арнайы суретке түстік. 

Бір кадрға сыйған мейірім… Ал мен қайтадан сол баяғы бала Фаризаға айналдым, сол сәт… Камера тек суретті ғана емес, жүректерде сақталған ең әсерлі сәтті ұстап қала алды!

Әкешімнің жүрек дүрсілін естідім, дәл сол тұста толқынысымды баса алсамшы! Әкемнің жүрек тұсына басымды қойғаным сол, бәрі де көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты: Сіңлім екеумізді үнемі қолында көтеріп, еркелеткені, шашымызды тарап, әр сөзімізді мұқият тыңдайтыны, оған ерінбей жауап қататыны, аузымызға ас тұтып, оны қашан жеп болғанша қызықтап қарап отыратыны. Ағабайға бізге аға болуды, бізге ағамызға лайықты қарындас болуды үнсіз ғана үйреткені, бәрін енді ғана ұғынғандаймын…

Ол үлкен әулеттің баласы. Жастайынан қиындықты да, торығу мен тарығуды да көрді. Бірақ бізге сездірмеді. Жарының, балаларының жайлы өмірі үшін өзін аяп отырмады, жұмыс талғамады, күн-түн ұйқы көрмей, бақытқа ұмтылды. Оның бәрін есейгенде естідік. Анам айтып берді…

Лашықта (ескі сарайда) тұрсақ та біз бақытты едік! Сол бір қарапайым сәттердің өзі берекеге толы болды. Өйткені онда әкемнің жүрек жылуы жатты… Біз соған жылындық.
Иә, өмір өзгереді, бәрі өзгереді. Өзгермейтін сол баяғы анаң мен әкеңнің перзентіне деген мейірімі. Үнсіз қамқорлығы, дұғасы, тілеуі. 

Шаңырақ дегеннің қандай қымбат, қандай құтты екенін де алғаш рет маған әкем көрсетті. Ол қай жағынан да үлгі бізге! Анамды аялағаны, ағайын-туысына қамқорлығы, отбасына беріктігі… 

Тіпті мен балаларынан, туғандарынан бөлек, жүдеп-жадап жүргеннің бәрін қызғыш құстай қанатының астына алғысы кеп тұратын үлкен жүректі де әкемнен көрдім. Әлі де көріп келем! Бұл менің шын сөзім. Бір түйір өтірігі жоқ, шыным. 

Қандай сый жасасам да, мен сіздің сағаттық шексіз мейіріміңіздің өтемін қайтара алмаспын, Әкешім. Бірақ жүрегім соғып тұрғанда, сізді ардақтап өтем! Соған сөз берем! Сізден керегі, аман жүріңіз! Аман жүріңіздер, менің аяулыларым», — деп жазды ол.