Ли Со Ён 10 жыл бойы 20 шақты әйелмен бір бөлмеде тұрып келген. Әрқайсысының форма қоятын тумбочкасы болды. Оның үстіне Ким Ир Сен мен оның мұрагері Ким Чен Ирдің фотосын қоятын.
Университет оқытушысының қызы Со Ён елдің солтүстік бөлігінде өскен. Оның отбасындағы ер адамдардың көбі әскери қызметте болған. 1990-шы жылдары КХДР-да аштық басталғанда ол армияда түскі асты тегін беретінін естіп, ерікті түрде армияға барған.
Бастапқы кезде 17 жастағы Ли Со Ёнға армиядағы өмір ұнады. Әйелдер мен еркектердің күн тәртібі бірдей болды. Әйелдерге физикалық күшті қажет ететін жұмыстардың барлығын істетпейтін, бірақ тамақ жасау, тазалық жұмыстарын әйелдердің мойнында болды.
Ауыр жаттығу мен тамақты шектеу Ли Со Ённың және басқа да қыздардың денсаулығына кері әсер етті.
«Әскери қызметте жүрген 6 ай немесе 1 жылдан кейін тойып тамақ жемегендіктен және стресстен етеккіріміз тоқтайтын. Әйелдер оған қуанатын. Себебі жағдайдың ауыр болғаны соншалық етеккір келсе ол одан бетер ушыға түсетін» дейді ол.
Ли Со Ённың айтуынша, армиядағы қызмет кезінде әйелдерге жеке бас гигиенасына қажетті заттар берілмегендіктен бір реткі затты бірнеше мәрте қолдануға тура келетін.
2015 жылы «18 жасқа толған барлық қыздар 7 жыл әскери қызметте болу керек» деген заң шықты.
Ли Со Ён 1992-2001 жылдар аралығында қызметте болды. Осы уақыт аралығында талай қыздың зорланғанын көрген.
«Рота командиры кешкі уақытта кабинетінде қол астындағы солдат қыздарды зорлайтын. Мұндай жағдай жиі-жиі қайталанатын» дейді ол.
КХДР армиясының өкілі аталмыш мәселені шешу үшін қызу жұмыс істеп жатқандарын және әйелдерге зорлық көрсеткендер 7 жылға түрмеге отыратынын айтады. Солтүстік Кореяны зерттеуші Джульетт Морильоның мәліметінше, көбі қорыққаннан куәгер ретінде көргенін айтуға қорқады, сондықтан зорлықшылар көбіне жазадан жалтарып кетеді.
Ли Со Ён 28 жасында қызметтен кетті. 2008 жылы ол Оңтүстік Кореяға қашпақ болған, бірақ шекарада оны ұстап алып, 1 жылға түрмеге отырғызды. Түрмеден шыққаннан кейін ол қайта қашуға әрекет жасады. Туманган өзені арқылы Қытайға барып, ол жерден Оңтүстік Кореяға қашқан.