КО аясындағы мемлекеттік сатып алулар саласындағы саясатты реттейтін келісім ратификацияланды
ҚР Парламентінің мәжілісі сәрсенбі күні жалпы отырысында «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алулар туралы келісімшартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. |
Кедендік одаққа қатысушы мемлекеттер келісімшартпен өздеріне бірқатар міндеттер алады, атап айтқанда, сатып алулар саласындағы қарым-қатынасты тек сатып алушы тараптың сатып алулар туралы заңнамасының негізінде реттеу, веб-портал ашып, ондағы ақпаратқа еш кедергісіз және тегін кіру, осы веб-порталда сатып алушы тарап мемлекетінің сатып алулар туралы нормативтік-құқықтық актілерін жариялау, ұлттық режим беру, сатып алулар саласында ұлттық бақылаушы органдарды құру міндеттері алынған.
«Келісім сатып алудың бес әдісін қарастырады», - деді қаржы министрі Болат Жәмішев сәрсенбі күні заң жобасын мәжілісте ұсынып отырып.
«Бірінші әдісі – аукцион. Бұл мемлекеттік сатып алудың негізгі тәсілі, және мемлекеттік портал арқылы тек электрондық форматта жүргізілетін болады. Екінші тәсілі – конкурс. Ол да электрондық форматта Қазақстанда қолданыстағы процедуралармен жүзеге асырылады. Үшінші әдіс – баға ұсыныстарын сұрастыру. Ол баға шегі әр мемлекетпен бекітілген тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге қолданылады. Төртінші тәсіл - биржалық сауда. Аталған әдіспен сатып алулар мемлекеттердің тауарлық биржалары туралы заңы бойынша анықталады. Бесінші әдіс – бір көзден сатып алу», - деді министр.
Құжатпен сондай-ақ ұлттық режимді қамтамасыз ету, сатып алулардың әдісі мен тәртібін, сатып алулар туралы келісімшарт жасау тәртіптерінің ерекшелігі айқындалады.
Келісімге 2010-шы жылы 9-шы желтоқсанда Мәскеуде қол қойылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін