Тоқаев қол қойған жаңа заңның ерекшеліктері қандай? - kaz.caravan.kz
  • $ 441.44
  • 473.09
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тоқаев қол қойған жаңа заңның ерекшеліктері қандай?

Тоқаев қол қойған жаңа заңның ерекшеліктері қандай?

Оны дәлелдейтін жаға ұстататын оқиға көп.

  • 16 Сәуiр
  • 19
Фото: ашық дереккөз

Өткенде Алматыда тұрғын үйді күзететін адамды сол үйде тұратын біреудің көлікпен жаныштап, одан қалса басына секіріп мерт қылғанын көрдік, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әлеуметтік желіде пайда болған видеода 11 жыл некеде болған әйелдің бұрынғы күйеуі қыр соңынан қалмай, көшеде ұстап алып, алдымен телефонын лақтырғанын, кейін аямай жұдырықтап ұрғанын көрдік. Кейін белгілі болғандай, ол бұрын полицияда жұмыс істеген екен, сондықтан болар 11 жыл бойы жауапкершілікке тартылмай келсе керек. Ұрып-соғудан шаршаған келіншек балаларын алып, Тараздан Алматыға қашып кеткен. Соған қарамастан тауып алған. 

Көшеде өз тірлігін жасап тұрған жас қызды, ішімдікке тойып алған белгісіз ер адам артынан теуіп, кейін бетіне бірнеше соққы жасаған видео да тарады. Кейін зардап шеккен әйел әлеуметтік желіде болған оқиғаны баяндады.

Тағы бір оқиғаны халық әлеуметтік желіден білді. Видеода белгісіз ер адам әйелдің шашынан сүйреп, ұрып жатқанын көруге болады. Белгілі болғандай, ол бұрынғы күйеуі екен. 

Қоғамда агрессия көбейіп кеткені жаға ұстатады. Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін әйелді қорлап, тіпті өлтіргендерге жазаны барынша қатаңдату туралы талап күшейе түсті. 11 сәуірде қабылданған заңды халық «Салтанат заңы» деп атап кеткен. 

Зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасына тоқталсақ:

• кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді;

• бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы енгізіледі;

• 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге жауапкершілік тағайындайтын Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болады;

• өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. 

Сонымен бірге кәмелетке толмағандарға буллинг жасағандарға, қасында ата-анасы немесе заңды өкілі жоқ 16 жастан аспаған балаларды мәжбүрлеп қоғамдық көліктен түсіргендерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін баптар енгізілмек. Әкімшілік кодекске.

 «Құжатта ата-ана құқығынан айыра салатын норма бар» деп жүргендердің сөзіне орай Ішкі істер мен Оқу-ағарту министрліктері ата-ана құқығынан айыру үшін ұзақ тексеріс жүретінін айтты. Мұндай норма өз баласына қасақана қылмыс жасағандарға ғана қолданылмақ.

Маңызды өзгеріс — бұрын әкімшілік заңбұзушылық саналатын отбасындағы ұрып-соғу енді Қылмыстық кодекске енгізілмек. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарына шыққан дәлелге сүйеніп, тергеу жүргізе алады.

Осылайша денсаулыққа жеңілдеу және ауыр зардап келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Агрессорлар тергеу изоляторына қамалады. Ішкі істер министрлігі арыз көбейген жағдайда да оларға абақтыдан орын табылатынын айтады.

Қоғамда өшпенділіктің осыншалықты өршуіне не себеп? Неге кей адамдар қатігез? 

Мамандардың пікірінше, агрессор көбіне өмірден ләззат көрмеген, өзінің тұлғасын қабылдай алмайтын, мысалы, көп ішкі мәселелері бар, өзін жақтырмайтын адамдар көбіне агрессор болып келеді. Агрессор кімге агрессия көрсетеді? Өзінен жоғары адамдарға көрсетпейді. Ол өзінен әлсіз болса, соған көрсетеді.

«Зорлық-зомбылықты көріп өскен бала «тиран» болады деген пікірмен келіспеймін. Ол бала санасына байланысты. Кейбір балалар керісінше үйден көрген зорлық-зомбылықты болашақ жарына балаларына мүлде қолданбайды, себебі өзі басынан кешірген сезімді балам мен әйелім көрмесін дейді. Ал ер адам кішкентайынан анасы тарапынан  төмендету кекету келемеждеуді көрсе, міне сонда әйел адамға деген ашу қалып, өзінен әлсіз адамдарға зорлық-зомбылықты көрсетуі әбден мүмкін»,- дейді психолог Анаргүл Ибраимбекова.

Негативті жаңалықтар, негативті ақпараттар бізді өзімізді автоматты түрде психикалық, бейсаналық тұрғыда келе жатқан қауіпке дайын болуға, қорғану агрессиясын қалыптастырады. 

«Әйелдердің, балалардың, аналардың құқықтарын сақтап оны толық қорғау үшін бізге мәдениет жетіспей бара жатқан сияқты. Заң бәріне бірдей емес екендігін көріп жатырмыз»,- деп тұжырымдады психолог Анаргүл Ибраимбекова.

Ұлттық құндылықтар бірден-бір осы агрессияның алдын алатын немесе оған жол бермейтін иммунитет. Тағы бір мәселе – құқық. Қоғамда теңдік, әділеттілік орнаған кезде қоғамда агрессияның болу мүмкіндігі азаяды.

Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, министрлік тек есеп үшін заң қабылдап, іс-шара өткізуді доғаруы керек. Тек заңды қатаңдатудан қоғам өзгермейді, халықтың санасы өзгермейді. Тәрбие отбасынан басталады демекші, идеологиялық терең жұмыстар отбасынан басталып, мектеп және университет қабырғаларында жалғасын табуы керек. 

«Қоғамтану, әлеуметтану ілімдерін ғылым деңгейінде дамыту керек. Дамыған өркениетті елдерде терең білімді әлеуметтанушылар жұмыс істейді. Осындай зорлық-зомбылық, жанжал болып жатқан отбасылардың себеп-салдарын анықтаумен, шешімін табумен айналысады. Заңмен уақытша шектеу қойдық делік, осымен мәселе тыйылмайды, оның арты басқа проблемаға ұласады», — деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Соңғы жаңалықтар